КӘСІПОДАҚПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ – МҰҒАЛІМ ҚҰҚЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Örken» өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы күзгі каникул мезгілінде білім беру ұйымдарының басшыларын құқықтық сауаттандыру мақсатында «Педагогтардың құқықтық қорғалуы: білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігі мен рөлі» атты облыстық онлайн-семинар ұйымдастырды.
Семинар аясында ұстаздарды тікелей кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарға тартудың алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды. Бұл – педагогтардың жүктемесін азайтып, олардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне жағдай жасаудың маңызды қадамы.
Шығыс Қазақстан облысы оқу-ағарту, жоғары білім, ғылым және басқа да бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағынан құқықтық мәселелер жөніндегі бас маман Иван Соколов «Кәсіподақпен ынтымақтастық: педагогтардың құқықтарын қорғау практикасы» тақырыбында баяндама жасады. Ол кәсіподақтың ұстаздардың құқықтарын қорғаудағы рөліне ерекше тоқталып, нақты мысалдар келтірді. Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету, кеңес беру және олардың мүдделерін сотта қорғау тәжірибесімен бөлісті. Педагогтардың құқықтарын қорғауда кәсіподақтың рөлі зор екенін, кәсіподақ мүшелерінің санының артуы оның мүмкіндіктерін кеңейтетінін жеткізді.
Семинар соңында қатысушылардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беріліп, оларға әдістемелік көмек көрсетілді. Бұл шара білім беру саласының басшылары үшін пайдалы әрі маңызды тәжірибе алмасу алаңына айналды. Іс-шараға барлығы 136 адам қатысып, семинардың маңыздылығын айқындады.
-
Фото
-