КӘСІПОДАҚ ПОШТАСЫ
Мектепте педагог-психологпын. 2- сынып оқушысымен жеке жоспарымен жұмыс жүргіземін. Диагнозы: ақыл-ойдың артта қалуы, мінез-құлық қиындықтары, жалпы 2-3 деңгейлі дамымауы, дизартрия, оқу мен жазудағы қиындықтар. ПМПК ұсынысы: мектепте дефектолог, логопед , психологтың арнайы педагогикалық-психологиялық қолдауы қажет.
Осындай баламен жеке жұмыс үшін қосымша ақы қарастырылған ба? Әлде қосымша ақы тек пән мұғалімдеріне беріледі ма?
«Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысымен (әрі қарай - Қаулы) бекітілген.
Жоғарыда көрсетілген Қаулының 4-Қосымшасының 2-тармағы 4)-тармақшасына сәйкес білім беру ұйымдарында оқитын ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істегені үшін педагогтарға базалық лауазымдық айлықақыдан (БЛА) 40 % қосымша ақы белгіленеді. Көрсетілген қосымша ақыны белгілеу тәртібі мен шарттарын білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Яғни, Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік ұйымдар Педагогтарының жалақысын есептеу қағидаларының 37-тармағына сәйкес Қаулыда белгіленген арттырулар, қосымша ақылар мен үстемеақылар сомасы нақты жүктемеге байланысты есептеледі.
Осыған қоса салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімнің 5.8. - тармағына сәйкес білім беру ұйымдарында білім алатын ерекше білімді қажет балалармен, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс үшін қосымша ақы алушылардың тізіміне: 1) білім беру ұйымдарының басшылары; 2) барлық лауазымдар мен мамандықтардың педагогтері; 3) педагог емес: тәрбиешілердің көмекшілері, зертханашылар, барлық мамандықтағы медициналық қызметкерлер, кітапханашылар, аспазшылар және аталған санаттағы балалармен тікелей байланыстағы басқа да қызметкерлер енгізілетіні көрсетілген.
Жоғарыда көрсетілген нормативтік-құқықтық және құқықтық актілер негізінде, ерекше білім беру қажеттіліктері бар баламен жұмысты тиісті педагогтер атқаруына байланысты, Сізге БЛА-дан 40% қосымша ақы төленуі тиіс.
Мәселе шешімін таппаған жағдайда қызметкер өзінің бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіру мақсатында Еңбек кодексінің 159 бабында көзделген тәртіпке сәйкес Келісу комиссиясымен жалпы сот құзыретінде қарастыруға мүмкіндігі бар.