ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ ПЕДАГОГТАРЫНА ЕҢБЕКАҚЫ ТӨЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІНДЕГІ КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕР ТУРАЛЫ
Жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Ұлытау облысының орта білім беру ұйымдарының педагогтарына еңбекақы көлемінің азайтылуы туралы мәселе талқылануда.
Педагогтар мен білім беру ұйымдарының басшылары арасындағы даудың туындауына білім басқармасы органдарының педагогтарға азаматтық қызметшілердің ерекше еңбек жағдайлары үшін берілетін үстемақыны олардың нақты оқу жүктемесінен емес, нормативтік жүктемеден есептеу туралы шешімі себеп болды.
«Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілердің, мемлекеттік ұйымдар мен қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулының (бұдан әрі – Қаулы) 18-қосымшасының 15-тармағына сәйкес мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне лауазымдық айлықақының 10 пайыз мөлшерінде ерекше еңбек жағдайлары үшін үстемақы белгіленген.
Оқу жүктемесімен айқындалмайтын (директор, әлеуметтік педагог, әдіскер, педагог-психолог және т.б.) білім беру ұйымдарының штаттық қызметкерлерінің лауазымдық айлықақысы базалық лауазымдық айлықақыны тиісті коэффициентке көбейту арқылы анықталады.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бірқатар педагогтар үшін еңбекақыны қалыптастырудың негізгі факторларының бірі ретінде нормативтік оқу жүктемесі белгіленген, ол арқылы қосымша төлемдер мен үстемақыларды қоспағанда, негізгі еңбекақы мөлшері айқындалады («Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының 8-бабы 3-тармағы).
Олардың еңбекақысын есептеу үшін тарифтік мөлшерлеме қолданылады. ҚР Еңбек кодексінің 1-бабының 1-тармағының 73) тармақшасына сәйкес тарифтік мөлшерлеме (айлықақы) – белгілі бір күрделіліктегі (біліктіліктегі) еңбек нормасын (еңбек міндеттерін) уақыт бірлігі ішінде орындағаны үшін жұмыскерге төленетін белгіленген еңбекақы мөлшері болып табылады.
Тарифтік мөлшерлеме – мұғалімдердің, оқытушылардың, тәрбиешілердің және басқа да педагогтардың еңбекақысын есептеу тетігіндегі негізгі буындардың бірі. Нормативтік оқу жүктемесі белгіленген педагогтар үшін лауазымдық айлықақы, мәні бойынша, «еңбекақы» болып табылады. Оның есептелу тәртібі ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №191 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік ұйымдар Педагогтарының жалақысын есептеу қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 13-тармағымен анықталады.
Аталған нормаға сәйкес педагог қызметкерлердің еңбекақысы айлық тарифтік мөлшерлемені (лауазымдық айлықақыны) апталық нақты оқу жүктемесіне көбейтіп, оны «Педагог мәртебесі туралы» Заңмен белгіленген апталық нормативтік оқу жүктемесіне бөлу арқылы анықталады. Осылайша, еңбекақының негізгі бөлігі есептеледі, оған еңбекақы төлеу жүйесімен көзделген үстемақылар мен қосымша төлемдер кірмейді және ол, іс жүзінде, жұмыскердің лауазымдық айлықақысы болып табылады.
Үстемақылар мен қосымша төлемдердің мөлшерін есептеу кезінде Қағидалардың 37-тармағы басшылыққа алынуы тиіс, оған сәйкес азаматтық қызметшілерге ерекше еңбек жағдайлары үшін берілетін үстемақы педагогтың нақты оқу жүктемесіне байланысты есептеледі.
Біздің пікірімізше, туындаған даудың себебі – облыстық білім басқармасының лауазымды тұлғалары тарапынан қолданыстағы құқықтық актілердің кейбір нормаларын дұрыс түсінбеуінен болып отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіптік одағының басшылық органдары туындаған келіспеушіліктерді шешу мәселесімен айналысып, жұмыскерлердің құқықтарын қорғаудың барлық қолда бар тетіктері мен нысандарын пайдалануды көздеп отыр.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағы