КӘСІПОДАҚ ПОШТАСЫ
Жоғары оқу орындарында профессор-оқытушылық құрамының жүктемесінің жоспарлануы қандай нормативтік құқықтық актіде белгіленген және қалай жүзеге асырылады?
Жоғары оқу орындарында профессор-оқытушылық құрамының педагогикалық жүктемесін жоспарлау ҚР Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 20 сәуірдегі № 152 бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында (әрі қарай - ЖЖОКБҰ) оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларымен (әрі қарай - Қағидалар) реттеледі.
Қағидалардың 29-тармағына сәйкес профессор-оқытушылар құрамының педагогикалық жүктемесін жоспарлау академиялық сағаттармен және (немесе) кредиттермен жүзеге асырылады. Бұл ретте, аудиториялық сабақтардағы педагогикалық жүктеме 1 академиялық сағат - 50 минутқа тең деген нормаға сәйкес есептеледі. Оқу жұмысының басқа түрлері бойынша педагогикалық жүктеме ЖЖОКБҰ дербес белгілеген норма негізінде есептеледі.
Сонымен қатар, Ғылым және жоғары білім қызметкерлері үшін салалық деңгейде еңбек жағдайын, жұмыспен қамту және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөнінде 2023-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімнің 4.9 - тармағы бойынша профессорлық-оқытушылық құрамының оқу жүктемесінің көлемін білім беру ұйымы қызметкердің біліктілігіне және кафедра бейініне қарай дербес айқындайды және барлық меншік нысанындағы ұйымдарда оқу жылында 680 сағаттан аспауға тиіс.