
КӘСІПОДАҚ ТҮСІНДІРЕДІ
Орта білім беру ұйымдарында тәлімгерлікті ұйымдастыру және тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагогтарға қойылатын талаптар
ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының 13-бабы 1-тармағына сәйкес орта білім беру ұйымында кәсіптік қызметіне алғаш рет кіріскен педагогқа бір оқу жылы кезеңіне тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагог бекітіліп беріледі.
Орта білім беру ұйымдарында тәлімгерлікті ұйымдастыру қағидаларын және тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагогтарға қойылатын талаптар Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №160 бұйрығымен бекітілген Тәлімгерлікті ұйымдастыру қағидалары мен тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагогтарға қойылатын талаптарымен реттеледі.
Жоғарыда аталған Қағидалардың 14-тармағына сәйкес тәлімгер келесі талаптарға сай болуы керек:
1) «педагог-зерттеуші» не «педагог-шебер» біліктілік санаты;
2) педагогикалық этиканың негізгі қағидаттары мен нормаларын сақтауы;
3) соңғы үш жыл ішінде оқытатын пән бойынша білім алушылардың білім сапасы кемінде 60% - 70%, шағын жинақты мектепте кемінде 50% - 60%.
Тәлімгердің кандидатурасы педагогикалық кеңестің отырысында қаралады және педагог жұмысқа қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей орта білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен бекітіледі.
Бір педагогқа бір тәлімгер бекітіледі.
Тәлімгерлікті ұйымдастыруды үйлестіруді орта білім беру ұйымы басшысының оқу ісі жөніндегі орынбасары жүргізеді және ол:
тәлімгерлікті тағайындау туралы бұйрық жарияланған педагогты таныстырады;
бейімдеу жоспарын жасауға практикалық көмек көрсетеді және оның орындалуын бақылауды қамтамасыз етеді;
тәлімгерлікті ұйымдастыру тәжірибесін зерделейді және қорытады, тәлімгерлікті одан әрі жетілдіру үшін орта білім беру ұйымының басшысына негізделген ұсыныстар енгізеді.
Тәлімгер мынадай жағдайларда ауыстырылады:
1) тәлімгер жұмыстан босатылса немесе басқа жұмысқа ауысса;
2) тәлімгер дәлелді себеппен жұмыста екі аптадан артық болмаса;
3) тәлімгердің оны тәлімгерліктен босату туралы негізделген жазбаша өтініші болса;
4) педагогтың тәлімгерді ауыстыру туралы негізделген жазбаша өтініші болса.
«Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі» Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысының 4-Қосымшасының 11-тармағына сәйкес бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне базалық лауазымдық айлықақыдан 100% тәлімгерлік үшін қосымша ақы бекітілгенін атап өту қажет. Көрсетілген қосымша ақы нақты жүктемеге қарамастан белгіленеді.