
ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ АЛДЫНДА ПЕДАГОГТАРҒА ПАЙДАЛЫ АҚПАРАТ
Мектеп мұғалімі, техникалық және кәсіптік білім беру оқытушысы, қосымша білім беру педагогы, тәрбиешілер және бірқатар басқа педагогтардың еңбегі – бұл тек сабақ жүргізу ғана емес, ол дайындық, ұйымдастырушылық, тәрбиелік және басқа да әрекеттерді қамтитын күрделі және көп қырлы процесс.
Педагогикалық жұмыстың өзіне ғана тән бірқатар ерекшеліктері бар. Педагог өз жұмысын реттейтін нормалар мен ережелерді нақты түсінуі керек.
Осы материалдың мақсаты педагогикалық еңбектің ерекшеліктеріне байланысты жұмыс уақыты, оқу жүктемесі және басқа да мәселелер туралы толық түсіндірме беру.
1. Жұмыс уақыты және оқу жүктемесі
Қазақстан Республикасында педагогтардың жұмыс уақыты мәселесі Еңбек кодексімен (әрі қарай – Кодекс), «Педагог мәртебесі туралы» Заңымен, Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 153 бұйрығымен бекітілген «Педагогтың жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктерін айқындау қағидаларымен», басқа да нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.
Еңбегі оқу жүктемесімен нормаланатын кейбір педагогтар жұмыс уақытының ұзақтығы нақты оқу жүктемесінің сағат санымен анықталады деп қателеседі. Оқу жүктемесі мен жұмыс уақытының ұзақтығы бірдей ұғымдар емес екенін түсіну керек.
Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 47)-тармақшасына сәйкес жұмыс уақыты – жұмыскер жұмыс берушінің актілеріне және еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек міндеттерін орындайтын уақыт, сондай-ақ Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілеріне, ұжымдық шартқа, жұмыс берушінің актісіне сәйкес жұмыс уақытына жатқызылған өзге де уақыт кезеңдері.
Оқу жүктемесі - бұл мұғалімнің бір апта ішінде өткізетін сабақтарының санын көрсететін жұмыс уақытының нормаланған бөлігі ғана. Ол жұмыс уақытының жалпы ұзақтығын анықтамайды және сабаққа дайындалуға, жазбаша жұмыстарды тексеруге, нақты оқу материалын зерделеуге, педагогикалық кеңестің, әдістемелік бірлестіктердің жұмысына қатысуға, ата-аналармен жұмыс істеуге және лауазымы мен еңбек шарты бойынша біліктілік сипаттамасымен айқындалатын жұмыстың басқа да түрлеріне бөлінетін сағаттарды қамтымайды.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтардың айлық жалақысын есептеу үшін аптасына нормативтік оқу жүктемесі белгіленеді.
Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 153 бұйрығымен бекітілген «Педагогтың жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктерін айқындау қағидаларының» 4-тармағына сәйкес педагогтар үшін жұмыс уақыты Кодекске сәйкес жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығына қарай белгіленеді.
Кодекстің 68-бабының 1-тармағымен жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс деп белгіленген. Сәйкесінше бір тарифтік мөлшерлемесі, бір лауазымдық жалақысы бар педагог аптасына 40 сағаттан артық жұмыс істей алмайды.
Салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімнің (бұдан әрі – Салалық келісім) 6.1-тармағын: «Педагогтар үшін жұмыс уақытының ұзақтығы (жалақы ставкасына педагогикалық жұмыс сағатының нормасы) толық еңбекақы төлемі сақтала отырып, аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына негізделіп белгіленгенін ескеру қажет. Жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы ұйым басшыларына, олардың орынбасарларына, құрылымдық бөлімшелердің басшыларына қолданылмайды.
Педагогтардың атқаратын лауазымына байланысты жұмыс уақытына: оқу (оқытушылық), тәрбие жұмысы, білім алушылармен жеке жұмыс, ғылыми, шығармашылық және зерттеу жұмысы, сондай-ақ лауазымдық міндеттемелермен және (немесе) жеке жоспармен көзделген басқа да педагогикалық жұмыс: әдістемелік, даярлық, ұйымдастырушылық, диагностикалық, мониторинг жұмысы, білім алушылармен тәрбие, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық, шығармашылық және өзге де шаралар жоспарларымен көзделген жұмыс енгізіледі.
Осылайша, нормативтік оқу жүктемесі белгіленген педагогтар үшін жұмыс уақыты белгілі бір ерекшеліктерге ие. Ол екі бөліктен тұрады:
бірінші бөлігі - нормалануы және ескерілуі мүмкін сабақтарды өткізу уақыты;
екінші бөлігі - объективті түрде нормалауға келмейтін және ескерілмейтін басқа педагогикалық жұмыс уақыты.
Педагогикалық жұмысты жүзеге асыру тек педагогикалық жұмысқа арналған қалыптасқан уақыт нормасымен сипатталады.
Педагог қызметкерлердің педагогикалық жұмыстың басқа бөлігін орындауы сағат саны бойынша нақтыланбаған жұмыс уақыты ішінде жүзеге асырылады.
Сағат саны бойынша нақтыланбаған жұмыс уақытын талап ететін оқытушылық жұмысты жүргізетін қызметкерлердің педагогикалық жұмысының басқа бөлігі білім беру ұйымының жарғысында және ішкі еңбек тәртібінің ережелерінде, біліктілік сипаттамаларында көзделген лауазымдық міндеттерінен туындайды және жұмыс кестелері мен жоспарларымен реттеледі.
Күзгі, қысқы және көктемгі каникул уақыты, сондай-ақ кезекті еңбек демалысымен сәйкес келмейтін жазғы каникул уақыты ұйымның педагогтарі мен басқа қызметкерлері үшін жұмыс уақыты болып табылады. Осы кезеңдерде жұмыс беруші педагогтарді каникул басталғанға дейін олардың оқу жүктемесінен аспайтын уақыт көлемінде педагогикалық және ұйымдастырушылық жұмыстарға тартады.
Каникул кезіндегі жұмыс кестесі бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ комитетінің келісімі бойынша басшының бұйрығымен бекітіледі. Кезекті еңбек демалысымен сәйкес келмейтін каникул уақытында педагогтар үшін олардың келісімімен бір ай көлеміндегі жұмыс уақытының жиынтық есебі белгіленуі мүмкін.
Салалық келісімнің 6.4.-тармағына сәйкес «Сабақ өткізуден, кезекшіліктен, білім беруді ұйымдастырудың жоспарымен қарастырылған сабақтан тыс іс-шараларға (педагогикалық кеңес отырыстары, ата-аналар жиналысы және т.б.) қатысудан қалған бос сағаттарын педагог өз қалауынша пайдаланады».
Салалық келісім Кодекстің 1-бабы 1-тармағы 8)-тармақшасына сәйкес жұмыскерлер үшін мазмұнын және еңбек жағдайларын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі міндеттемелерін айқындайтын әлеуметтік әріптестік тараптарының арасында жасалатын жазбаша келісім нысанындағы құқықтық акт болып табылады.
Кодексінің 154-бабы 2- тармағына сәйкес, Салалық келісімнің күші тиісті қызмет саласының мемлекеттік органдарына, тиісті саланың жұмыс берушілеріне, жұмыскерлеріне және олардың өкілдеріне қолданылады. Бұл салалық келісімде белгіленген ережелер меншік нысанына, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер бірлестіктеріне мүшелікке қарамастан, тиісті саланың еңбек қатынастарына қатысушыларының барлығы, ерекшеліксіз орындауы үшін міндетті екенін білдіреді.
Тараптардың өкілдері ҚР ӘҚБтК 97-бабымен айқындалған Салалық келісімде көзделген міндеттемелерді бұзғаны немесе орындамағаны үшін 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
2. Педагогтар үшін максималды оқу жүктемесі
Нормативтік оқу жүктемесі белгіленген педагогтар қосымша жұмыс жасай алады. Педагогтардың осы санаты үшін қосымша жұмысты орындаудың ең ыңғайлы және көбінесе мүмкін болатын жалғыз түрі - бұл қоса атқару. Мысалы, пәнді қатар атқару жағдайында қосымша жұмыс ретінде оқыту объективті түрде мүмкін емес, мұғалім бір уақытта әртүрлі сыныптарда сабақ бере алмайды.
Кодекстің 1-бабы 1-тармағы 56)-тармақшасына сәйкес қоса атқару - бұл жұмыскердің негізгі жұмысынан бос уақытында еңбек шарты жағдайында тұрақты, ақы төленетін басқа жұмысты орындауы. Бұл ретте қоса атқарылған жұмыс уақытының ұзақтығы еңбек заңнамасымен шектеледі.
Осылайша, педагогтың максималды оқу жүктемесі бір жарым (1,5) ставкадан аспауы керек. Бұл шектеу Кодексте қызметкердің жұмыс уақытының ұзақтығы бойынша заңнамалық белгіленген шектеулер негізінде белгіленеді. Кодекстің 68-бабы 1-тармағына сәйкес жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс және Кодекстің 71-бабы 4-тармағымен күнделікті жұмыстың ұзақтығы 8 сағаттан аспайтыны көрсетілген. Кодекстің 68-бабының 3-тармағына сәйкес негізгі жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделікті жұмыстың жиынтық ұзақтығы күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан 4 сағаттан артық аспауы тиіс. (Тәулігіне 12 сағат; аптасына 60 сағат).
Тәжірибеде оқу жүктемесі бойынша белгіленген шектеулерді орындау мүмкін емес болып көрінетін жағдайлар жиі кездеседі. Осы мәселені шешу мақсатында Салалық келесімнің 4.13.-тармағымен өндірістік қажеттілікке байланысты (оқу жоспарының бөлінуге келмеуі, педагогтың уақытша болмауы және тағы да басқа жағдайларда) қосымша жүктеме 50 пайыздан астам көлемінде болуы мүмкін деген тараптармен келісілген.
3. Оқу жүктемесін бөлу
«Мемлекеттік ұйымдар педагогтарының жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығының 3-тармағына сәйкес педагог қызметкерлер арасындағы оқу жүктемесі білім беру ұйымы педагогикалық кеңесінің оң шешімі негізінде ұйымның бірінші басшысы (не оны алмастыратын адам) бөледі. Бұл тәртіп мемлекеттік меншік нысанындағы ұйымдарға қолданылады. Жеке білім беру ұйымдарында оқу жүктемесін бөлуді оған меншік иесі уәкілеттік берген тұлға айналысады.
Оқу жүктемесін бөлуге байланысты бірқатар мәселелер Салалық келісіммен реттеледі.
Педагогтардың оқу жүктемесінің көлемі оқу жоспары, оқу бағдарламасы бойынша сағаттар санына, кадрлармен қамтылуына, сол ұйымдағы басқа да нақты жағдайларға қарай білім беру ұйымының кәсіподақ комитетінің пікірін ескере отырып белгіленеді.
Жаңа оқу жылына оқу жүктемесін алдын ала бөлу ұйым басшысының бұйрығымен құрамына міндетті түрде кәсіподақ ұйымының өкілі енгізілген тарификациялық комиссиясы өткізеді. Тарификациялық тізімді ұйымның бірінші басшысы бекітеді. Педагогтың оқу жүктемесінің көлемі еңбек шартында көрсетіледі және тек еңбек шартына қосымша келісім жасау арқылы тараптар өзгертуі мүмкін.
Жекеменшік ұйымдарында педагогтарға оқу жүктемесін белгілеу кезінде мемлекеттік білім беру ұйымдары үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалғандай нормативтік оқу жүктемесі қолданылады.
Педагогтардың негізгі жұмыс орны болып табылатын ұйымдарда жаңа оқу жылына оқу жүктемесін белгілеу кезінде, оның көлемі, сыныптарда, топтарда пәндерді оқытуды жалғастырудың сабақтастығы сақталады. Оқу жылының басында педагогтарге белгіленген оқу жүктемесінің көлемі оқу жылы ішінде оқу жоспарлары мен бағдарламалары бойынша сағаттар санының азаюы, сыныптар, топтар санының қысқаруы жағдайларын ескермегенде, әкімшіліктің бастамасымен азайтуға жол берілмейді.
Оқу жоспарында көзделген сағаттар санына байланысты, педагогтардың оқу жүктемесі бірінші және екінші оқу жартыжылдықтарында әртүрлі болуы мүмкін.
Педагогтардың оқу жүктемесі көлемінің заңнамамен айқындалған нормативтік көлемнен көп немесе аз болуы олардың жазбаша келісімімен ғана белгіленеді.
Қоса атқарылатын оқытушылық жұмыс сол ұйымда негізгі жұмыстан басқа қосымша жұмыс істейтін тұлғаларға, сондай-ақ басқа білім беру ұйымдарының педагогтаріне (білім басқармалары органдары мен оқу- әдістемелік кабинеттердің, орталықтардың қызметкерлерін қосқанда) егер педагогтар үшін осы ұйым негізгі жұмыс орны болып табылған және бір ставкалық жалақы мөлшерінен кем емес оқу жүктемесімен қамтылған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты еңбек демалысындағы педагогтарға оқу жүктемесі жалпы негізде белгіленеді және осы мерзімде оны орындау басқа қызметкерлерге беріледі.
Оқу жүктемесі демалыс және жұмыс істемейтін мереке күндеріне жоспарланбайды.
Оқу жылы ішінде педагогтың оқу жүктемесі еңбек шартында немесе ұйым басшысының бұйрығында белгіленген оқу жүктемесімен салыстырғанда:
а) тараптардың өзара келісімі бойынша;
б) жұмыс берушінің бастамасымен:
оқу жоспарлары мен бағдарламалары бойынша сағат санының азайған сыныптар, топтар санының қысқарған;
өндірістік қажеттілікке байланысты, уақытша орнында жоқ қызметкерді алмастыру үшін оқу жүктемесінің көлемі уақытша көбейген (бұл жағдайда қызметкердің келісімінсіз көбейтілген оқу жүктемесін орындау ұзақтылығы күнтізбелік жыл ішінде бір айдан аспауы қажет);
бос тұрып қалған жағдайдың барлық уақытына (ауа райы жағдайларына, карантинге және басқа да жағдайларға байланысты сабақтарды тоқтату) қызметкерлердің мамандығы мен біліктілігін ескере отырып, оларға сол ұйымнан немесе сол жердегі басқа ұйымнан кемінде бір айға дейінгі басқа жұмыс ұсынылған;
бұрын осы оқу жүктемесін орындаған педагогтың жұмысын еңбек дауын қарайтын орган қайта қалпына келтірген;
бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты еңбек демалысын үзген немесе осы демалыс аяқталғаннан кейін әйел адам жұмысқа қайта оралған жағдайларда азаюы немесе көбеюі мүмкін.
4. Сабақ кестесі, «терезелер», әдістемелік күндер
Салалық келісімнің 6.3-тармағына сәйкес «Сабақ кестесін жасау сабақ арасында ұзақ үзілістерге жол бермейтін педагогтың жұмыс уақытын ұтымды пайдалануды ескере отырып жүзеге асырылады».
Оқу сабақтарының кестесін жасау кезінде білім беру ұйымының басшылығы педагогтардың үздіксіз реттілігі бұзылмауы және білім алушылар, тәрбиеленушілер, педагогтардың жұмыс уақыты үшін белгіленген әрбір оқу сабағы арасындағы қысқа үзілістерден (өзгерістерден) айырмашылығы жоқ ұзақ үзілістер («терезелер» деп аталатындар) қалыптаспауы үшін уақыттың ұтымсыз шығындарын болдырмауға міндетті.
Педагогтың жұмыс уақытында бірнеше үзіліс («терезелер»), оның ішінде қатарынан екі немесе одан да көп сағатты құрайтын үзіліс белгілеу еңбек заңнамасына қайшы келеді. Мұндай жұмыс режимі жұмыс уақытын бөліктерге бөлу ретінде қарастырылуы мүмкін (Кодекстің 72-бабы) және тәртібі мен мөлшері ұжымдық шартта көрсетілетін өтемақыны көздейді.
Мұғалімдерге әдістемелік күн деп белгіленетін күнді белгілеу қолданыстағы нормативтік құқықтық актілермен бекіту қарастырылмаған. Әдістемелік күндер деп мұғалімдердің сабақ кестесіндегі сағаттардан бос күндері танылады. Сонымен қатар, мұндай күндерді ұжымдық шарттар мен әлеуметтік әріптестік туралы келісімдердің талаптарына қосу заңнамаға қайшы келмейді.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы