
«АЛҒАШҚЫ ӘСКЕРИ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ДАЙЫНДЫҚ» ПӘНІ БОЙЫНША ОҚУ ЖҮКТЕМЕСІ ТУРАЛЫ
«Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» (әрі қарай – АӘТД) - меншік түрі мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық типтегі жалпы білім беретін мектептерде әскерге шақырылуға дейінгі және әскерге шақырылу жасындағы білім алушы жастардың міндетті оқытылатын пәні болып табылады.
Білім беру ұйымдарында АӘТД пәні бойынша оқу жүктемесі *МЖМС негізінде әзірленген «Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 08.11.2012 жылғы №500, «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерінің жалпы білім беретін пәндері мен таңдау курстары бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы» Оқу-ағарту министрінің 16.09.2022 жылғы № 399 бұйрықтарымен реттеледі.
Жоғарыда көрсетілген нормативтік құқықтық актілерге сәйкес АӘТД пәні бойынша апталық оқу жүктемесі 10-сыныпта аптасына 1 сағат, оқу жылына 34 сағат, сондай-ақ далалық оқу жиынына вариативтік компоненттен 30 сағат, 11-сыныпта аптасына 1 сағат, жылына 34 сағатты құрайды.
МЖМС жүзеге асыру, оқу процесін қамтамасыз ету мақсатында Оқу-ағарту министрінің м.а. 21.07.2023 жылғы №224 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарында аталған пән бойынша орта білім беру ұйымдарында бастауыш әскери дайындық жөніндегі оқытушы-ұйымдастырушысы лауазымының штат бірлігі белгіленген. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында да, 1 штат бірлігі 280 - 1121 және одан да көп білім алушылар санына қарай бекітілген.
Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығымен бекітілген Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларында орта білім беру ұйымдарының бастапқы әскери және технологиялық даярлығының (БӘТД) педагог-ұйымдастырушысына бекітілген лауазымдық міндеттерін тиісті деңгейде орындау үшін білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламалары, білім алушыларға білім беру мен тәрбиелеу, бастапқы әскери даярлық мәселелері жөніндегі өзге де нормативтік құқықтық актілер, МЖМС, оқу пәнінің мазмұны, оқу-тәрбие процесі, оқыту және бағалау әдістемесін білуі тиіс екені көзделген.
Сонымен, білім беру ұйымдарында 10-11 сыныптар санының есебінен АӘТД пәні бойынша нақты қалыптасқан апталық оқу жүктемесін бір штат бірлік лауазымына қабылданған БӘТД педагог-ұйымдастырушысы шектеусіз орындайды.
Мысалы, АӘТД пәні бойынша 10-11 сыныптар есебінен қалыптасқан апталық оқу жүктемесі 12 сағат болған жағдайда, барлық сағат көлемі лауазымдық міндетіне сәйкес БӘТД педагог-ұйымдастырушысына толығымен берілуі тиіс.
Сондықтан, Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №191 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік ұйымдар педагогтарының жалақысын есептеу Қағидаларының 13-тармағына сәйкес БӘТД педагог-ұйымдастырушысына айлық жалақысын есептеу лауазымдық жалақыдан және осы нақты апталық жүктеме бойынша оқу сағаттарына ақы төлеуден құралатыны нақты көрсетілген.
_________________________
*МЖМС – «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 Бұйрығы.