
«ҒАСЫРЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ: ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ - БОЛАШАҚҚА БАҒДАР» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ
3 мамырда Астанада Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығына арналған «Ғасырлық тәжірибе: тарихтан тағылым - болашаққа бағдар» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Бұл маңызды шара мерейтой жылының басты оқиғасына айналып, Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) өкілдері, халықаралық кәсіподақ бірлестіктері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдар, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер бірлестіктері, ғылыми қауымдастық, ардагерлер мен еліміздің барлық өңірлерінен келген кәсіподақ белсенділерінің қатысуымен жоғары деңгейде өтті.
Конференцияны салтанатты түрде Салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мұқашева ашып, жүргізді.
Шараның жарқын сәттерінің бірі - кәсіподақ қозғалысының қалыптасу және даму кезеңдері, жетістіктері, еңсерілген қиындықтар мен білім беру жүйесіне қосқан үлесі қамтылған «Кәсіподаққа – 100 жыл» атты деректі фильмнің тұсаукесері болды.
Конференцияға қатысушылар алдында:
ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі - Бибігүл Асылова;
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы — Сатыбалды Дәулеталин;
ҚР Оқу-ағарту вице-министрі - Еділ Оспан;
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі – Асқар Биахметов;
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты -Асылбек Нұралин;
ХЕҰ жұмысшылар кеңсесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия секторының меңгерушісі - Сергиус Гловацкас;
Білім интернационалының Бас хатшысы - Дэвид Эдвардс (бейнеқұттықтау);
Еуропалық білім кәсіподақтары комитетінің директоры (ETUCE) - Йелмер Эверс;
«Адами капиталды, білім және ғылымды дамыту жөніндегі ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ төрағасы - Гүлнар Бекжанова;
Халықаралық Еуразия білім кәсіподақтары бірлестігінің және Түркия Республикасы Türk Eğitim-Sen білім кәсіподағының төрағасы - Талип Гейлан;
•Салалық кәсіподақтың ардагері, бұрынғы төрайымы — Майра Турғанова.
ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Бибігүл Асылова конференция қатысушыларына ҚР Премьер-Министрі орынбасары Е.Көшербаевтың құттықтауын оқып берді:
Бүгінде Салалық кәсіподақ тек қана құқық қорғау алаңы емес, сонымен қатар әлеуметтік әріптестіктің маңызды тетігіне айналды. Мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілермен орнатылған өзара түсіністік пен тең құқықты ынтымақтастық арқылы кәсіподақ қызметі қоғамымыздағы әлеуметтік тұрақтылық пен келісімді нығайтуға зор үлес қосып келеді. Бұл - үлкен жетістік. Себебі білім мен ғылым саласы - ұлттың болашағы, ал сол саланың мамандары - елдің ең басты капиталы, – делінген құттықтауда.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин:
Кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығын біз «Өткенге мақтанышпен, бүгінді өзгертіп, болашаққа сеніммен!» ортақ ұранымен өткізіп жатырмыз. Біз мақтан тұтарлық жетістіктерге иеміз – 120 жыл бойы кәсіподақ қозғалысы елдің игілігіне қызмет етіп келеді. Біздің бастамаларымыз шынымен нәтижелі болып, кәсіпорындар мен ұйымдардағы, соның ішінде білім беру саласындағы қызметкерлердің әл-ауқатын жақсартуға ықпал етуде.
«Дәстүрден инновацияға: Қазақстандағы білім және ғылым саласындағы кәсіподақ қозғалысының эволюциясы» тақырыбындағы негізгі баяндамамен Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева сөз сөцйледі. Ол тарихи сабақтастықты сақтау, кәсіподақтардың әлеуметтік миссиясын күшейту және қазіргі білім беру кеңістігін қалыптастыруға белсенді қатысу маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі таңда Салалық кәсіподақ әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау жолында белсенді жұмыс атқарып, мемлекеттік органдар және жұмыс берушілермен сындарлы ынтымақтастық орнатып отыр, — деді ол.
Өз сөзінде кәсіподақ төрағасы кейбір жұмыс нәтижелерін келтірді:
Тек 2024 жылдың өзінде кәсіподақ заңгерлері 34 мыңнан астам өтінішті қарап, 715 жағдайда келісу комиссияларында, 52 жағдайда соттарда қызметкерлерге көмек көрсетті, 24 заңсыз жұмыстан шығарылған қызметкер қайта жұмысқа орналастырылды. Еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау аясында 2 653 тексеру жүргізіліп, 4 828 құқықбұзушылық анықталды.
Конференция аясында өткен тақырыптық сессияларда салалық кәсіподақ қозғалысының дамуына қатысты өзекті мәселелер бойынша баяндамалар жасалды:
Астана қаласы білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев - «Қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастырудағы кәсіподақтардың рөлі: тарихи тәжірибе және заманауи түйіткілдер»;
Орал қаласының А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, Қазақстанның Еңбек ері Эльмара Траисова - «Мұғалімдердің әлеуметтік қорғалуының кепілі ретіндегі кәсіподақтар: дәстүрлер мен инновациялар» (Мектеп-гимназиядағы бастауыш кәсіподақ ұйымының тәжірибесі, мұғалімдерді қолдаудың заманауи тетіктері);
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, з.ғ.д. Жамаладдин Ибрагимов - «Қазақстандағы кәсіподақтар қызметінің құқықтық реттелуі»;
Ақтөбе облысы Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің директоры Бақдашжан Молдашева - «XXI ғасырдағы жұмысшы мамандықтар: сындар, трендтер және кәсіподақтық қорғау»;
Торайғыров Университет» «Агротехнология» кафедрасының меңгерушісі, профессор Жастілек Уахитов - «Кәсіподақ қозғалысындағы заманауи үрдістер: шетелдік тәжірибе және Қазақстандағы жаңашылдықтар»;
Павлодар қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы инновациялық үлгідегі жалпы білім беру мектебі директорының орынбасары Асет Серікбаев - «Кәсіподақтар және тұрақты даму: әлеуметтік-еңбек трансформациясында жастардың рөлі».
Конференция қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында кәсіподақ қызметін жетілдіру мәселелерін талқылауға арналған тиімді алаңға айналды. Қатысушылар кәсіподақ ұйымдарының әлеуметтік-экономикалық және технологиялық өзгерістерге бейімделу қажеттігіне ерекше назар аударды. Жұмыскерлермен өзара іс-қимылдың жаңа формаларын дамыту, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың инновациялық механизмдерін енгізу, сондай-ақ цифрландыру және еңбек нарығы трансформациясы жағдайында кәсіподақ қызметін жетілдіру мәселелері қарастырылды.
Қатысушылар білім және ғылым жүйесіндегі кәсіподақ ұйымының рөлін күшейту, әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қатысуын арттыру, сондай-ақ заманауи сын-қатерлер жағдайында сала қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау тетіктерінің тиімділігін күшейту маңызын атап өтті.
Қонақтар конференцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, мазмұнды бағдарламасын, кәсіби диалог, ынтымақ, әділдік және жауапкершілік қағидаттарына негізделген атмосферасын ерекше атап өтті.
Іс-шара кәсіподақтардың білім және ғылым саласы қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін табандылықпен қорғап, уақыт талабына сай әрекет ететін маңызды қоғамдық институт ретінде өз орнын сақтап отырғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-