
⚠️ 28 СӘУІР – ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ КҮНІ!
Қауіпсіз еңбек – Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының басты басымдығы.
Әлемнің 100-ден астам елінде жыл сайын 28 сәуірде Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аталып өтеді. Бұл күн еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау және өндірістік жарақаттардың алдын алу мәселелеріне назар аударуға арналған.
2025 жылы Халықаралық еңбек ұйымы жылдың басты тақырыбы ретінде: «Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына революциялық көзқарастар: жұмыс орындарында жасанды интеллект (ЖИ) пен цифрландырудың рөлі» деп бекітті.
Қазіргі әлем қарқынды өзгеруде, және бұл үдерістен еңбек қорғау саласы да тыс қалмайды. Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар мен автоматтандыру бүкіл әлемде, оның ішінде білім беру саласында да еңбек жағдайына елеулі ықпал етуде.
Цифрландыру оқу орындарындағы микроклиматты бақылаудан бастап, педагогтардың психологиялық жүктемесін талдауға дейін қауіптерді уақытында анықтап, оларды жоюға көмектеседі. Технологиялар еңбекті қорғау саласындағы мониторинг, алдын алу және оқыту үшін жаңа құралдар ұсынады.
Болашақ мамандар ретінде студенттер бүгіннен бастап жаңа технологиялармен танысып, еңбек қорғау саласындағы цифрлық трансформацияның маңыздылығын түсінуі керек.
Білім беру ұйымдары қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда және жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды пайдалана отырып қауіпсіз еңбек ортасын құруға қабілетті кадрларды дайындауда маңызды рөл атқарады.
2025 жылғы Дүниежүзілік еңбек қорғау күні бізге технологиялар тек тиімділікті арттыру құралы ғана емес, сонымен бірге қызметкерлердің денсаулығы мен өміріне қамқорлық жасау амалы екенін еске салады. Біз жасанды интеллект пен цифрландыру әділетті, қауіпсіз және орнықты жұмыс орындарын құрудағы сенімді одақтас болатын жаңа дәуірдің табалдырығында тұрмыз.
Кәсіподақтың 2024 жылғы жұмыс қорытындылары:
Кәсіподақ ұйымдарында 8424 техникалық еңбек инспекторы сайланып, даярлықтан өткізілді. Кәсіподақтың Атқару комитеті еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасының жай-күйін тексеру тәртібін, техникалық инспектордың өкілеттіктерінің аясын айқындайтын Нұсқаулықты бекітті.
2024 жылы техникалық инспекторлар еңбек жағдайына қатысты 5024 тексеру жүргізді, оның ішінде өндірістік кеңестердің бастамасымен – 3050, қызметкерлердің бастамасымен – 450, басқа тексерулер – 1524.
Еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы бойынша 2142 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде 1920 бұзушылық жойылды.
Саладағы техникалық еңбек инспекторларын оқыту мен біліктілігін арттыру жүйесін құру бағытында соңғы жылдары үлкен жұмыстар атқарылды. Кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының техникалық инспекторлары үшін тұрақты түрде оқыту курстары өткізіледі. Бұл жұмыс өңірлерде де жалғасуда – онда кәсіподақ қызметкерлері мен белсенділері еңбек қорғау талаптары бойынша оқытудан және білімдерін тексеруден өтуде.
Кәсіподақтық оқытуға ерекше көңіл бөлінеді. 2024 жылы кәсіподақтың мүшелік ұйымдары еңбекті қорғау мәселелері бойынша 544 оқыту семинарын өткізді. Биылғы жылы да еңбекті қорғау бойынша оқыту семинарлары практикалық сабақтармен толықтырылуда.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің Қаулысымен 2025 жыл «Гендерлік теңдік жылы» деп жарияланды! Оның басты мақсаты – қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек ортасын құру.
«Гендерлік теңдік жылы» аясында кәсіподақтың өңірлік және бастауыш ұйымдарында еңбекті қорғаудың өзекті мәселелері бойынша (ЕҚБЖ жұмыс істеуі, еңбек қорғауға қаржы бөлу, қызметкерлер мен білім алушылардың денсаулығын сақтау және т.б.) көптеген оқыту семинарлары, кеңестер, консультациялар және дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланып отыр.
Еңбекті қорғау бойынша техникалық инспекторлардың және өндірістік кеңестердің қоғамдық бақылауының алдыңғы қатарлы тәжірибелері бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстар (Кәсіподақтың Орталық комитетінің ресми сайты, әлеуметтік желілер) арқылы кеңінен насихатталуда.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы