
2025 ЖЫЛЫ ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРДІҢ ЖҮКТІЛІККЕ ЖӘНЕ БОСАНУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ДЕМАЛЫСҚА ТӨЛЕЙТІН АҚЫСЫ ТУРАЛЫ
ҚР Еңбек кодексінің 99-бабы 4-тармағы негізінде жұмыс беруші орташа жалақыны сақтай отырып, Әлеуметтік кодекске (77, 78 баптар) сәйкес жүзеге асырылған, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдай бойынша төленетін әлеуметтік төлем сомасын шегеріп, жүктілікке және босануға байланысты демалысқа, жаңа туған баланы асырап алған жұмыскерлерге берілетін демалысқа ақы төлейді, егер еңбек және (немесе) ұжымдық шарт талаптарында, жұмыс берушінің актісінде көзделсе.
Әлеуметтік кодекстің 245-бабы 4-тармағына сәйкес әлеуметтік аударымдарды есептеу үшін алынатын ай сайынғы кіріс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының (ЕТЖ) жеті еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
2025 жылға ЕТЖ 85 000 тенгені құрайды.
Жүктілікке және босануға байланысты кірістен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері (ӘТ) уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық кіріс мөлшерін (Корт) еңбекке қабілетсіздік күндер санының тиісті коэффициентіне (*К) көбейту жолымен айқындалады және Қордың активтері есебінен төленеді.
ӘТ = Корт х *К
Жүктілікке және босануға байланысты демалыс ұзақтығы қалыпты босанған кезде – босануға дейін күнтізбелік жетпіс күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік елу алты күнге беріледі (ЕК 99-б. 4-т.). Осылайша, еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парақ 126 күнге беріледі.
*К - еңбекке уақытша жарамзыздылық туралы парағымен берілген күндер санын күнтізбелік отыз күнге бөлу жолымен айқындалады.
*К = 126/30 = 4,2
Мысал қарастырайық: қызметкердің есептелетін айлық табысы 700 000 теңгені құрайды.
Орташа айлық кіріс пен еңбекке қабілетсіз күндер санының коэффициентін есептеу: Корт = 7 х 85 000 = 595 000 тенге, *К = 126/30 = 4,2.
Шекті әлеуметтік төлем:
595 000 x 4,2 = 2 499 000–249 900 (МЗЖ10%) = 2 249 100 теңге.
Берілген мысал бойынша орташа күндік жалақы 35000 теңгені құрайды (700 000/20).
Демалыстағы жұмыс күндерінің саны – 90 (126 күнтізбелік күннен).
Орташа табыстың барлық сомасынан төлем: 35 000 (орташа жалақы) х 90 жұмыс күні = 3 150 000 теңге.
Жұмыс берушімен төленетін айырма: 3 150 000 теңге – 2 249 100 теңге =
900 900 теңге. Көрсетілген сомадан ҚР заңнамаларында белгіленген салықтар мен төлемдер шегеріледі.
Қызметкердің орташа жалақысы мен әлеуметтік төлем арасындағы анықталған айырма - еңбек және (немесе) ұжымдық шарттардың талаптарында, жұмыс берушінің актісінде көзделген жағдайда, ЕК жұмыс берушіні демалыс ақысын төлеуге міндеттей алатынын назарға алу керек.