ЖҰМЫС БЕРУШІ ЖҰМЫСКЕРДЕН ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫНДА БОЛҒАН КЕЗЕҢДЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕКСЕРУДЕН ӨТУДІ ТАЛАП ЕТЕ АЛА МА?
Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI ҚРЗ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексiне сәйкес, азаматтар медициналық тексеруден өтуге міндетті.
Медициналық тексерулер міндетті және профилактикалық болып табылады.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (әрі қарай-Кодекс) 181-бабы 2-тармағы 3)-тармақшасына сәйкес жұмыскер міндетті алдын ала және мерзімдік медициналық қарап-тексерулерден, сондай-ақ, ауысым алдындағы және өзге де медициналық куәландырудан өтуге міндетті.
Кодекстің 182 бабы 1 –тармағы 4)-тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерлерді Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе жұмыс берушінің актісінде көзделген жағдайларда профилактикалық медициналық қарап-тексеруге өз қаражаты есебінен жіберуге құқығы бар.
Кодекстің 185 бабы 1-тармағына сәйкес жұмыс беруші ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мерзімдік медициналық қарап-тексеруден және зерттеп-қараудан өткізуді меншікті қаражаты есебінен ұйымдастыруға міндетті.
Онымен қоса, Кодекстің 87 бабы 2-тармағымен жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы жұмыскердің тынығуына, жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіруіне, денсаулығын нығайтуына және жұмыскердің өзге де жеке қажеттіліктеріне арналады және жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақтала отырып, белгілі бір күнтізбелік күндер санына беріледі деп анықталған.
Салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024 – 2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімнің 10.17. –тармағына сәйкес жұмыс беруші қызметкерлердің жұмыс орындары (лауазымдарын) мен орташа жалақыларын сақтай отырып, тегін міндетті алдын ала және мерзімді медициналық тексеруден өтуін қамтамасыз етуге міндетті.
Сондықтан жұмыс беруші жұмыскерді еңбек демалысында болған кезеңде медициналық тексеруден өтуге мәжбүрлей алмайды.
Тараптар медициналық тексеруден өту уақытын еңбек демалысына кетер алдында немесе жұмысқа шыққаннан кейін анықтауы керек.
Фото
-
-
90.8 КБ
Файлдар
-