КӘСІПОДАҚТЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚЫЗМЕТ МАМАНДАРЫНЫҢ СЕМИНАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Бүгін Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының құқықтық қызмет мамандарына арналған екі күндік семинары өз жұмысын аяқтады.
Семинардың екінші күнін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті аймақтану кафедрасының аға оқытушысы Айнагүл Бекебаева ашты. Ол күнделікті міндеттерді автоматтандыру, құжаттарды талдау, ақпарат іздеу және заң қызметінің тиімділігін арттыру бағытында жасанды интеллект құралдарын қолдану жөнінде мазмұнды дәріс ұсынды.
Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жұмыстар жөніндегі бас директордың орынбасары Әлімжан Бекмағамбетов жан-жақты баяндады.
Павлодар облыстық ұйымының құқықтық инспекторы Гүлшат Жаркенова кәсіподақ мүшелеріне уақытылы төленбеген қаражаттарды қайтару және экономикалық тиімділікті арттыру бойынша тәжірибесімен бөлісті.
Жамбыл облыстық ұйымының құқықтық инспекторы Әлия Жолшибекова кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын сотта қорғау тәжірибесі туралы тарқатып айтып берді. Оның баяндамасы қатысушылардың айрықша назарын аударды, өйткені Жамбыл облысында сот істері жиі кездеседі, соған сәйкес спикер бірнеше маңызды мысалдарды егжей-тегжейлі түсіндірді.
Дискуссиялық бөлім барысында қатысушылар кәсіподақтың құқықтық қызметіне қатысты өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Кәсіподақ төрағасының орынбасары В.Беженаров көтерілген әрбір сұраққа толыққанды түсініктеме беріп, даулы мәселерді оңтайлы шешудің жолдарын ұсынып, алдағы жұмыс барысында қолдануға болатын тәжірибелік кеңестерін ұсынды.
Семинардың қорытындысында Салалық кәсіподақтың екі республикалық - «Үздік құқықтық еңбек инспекторы» және «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» байқауларының нәтижелері жарияланды.
«Үздік құқықтық еңбек инспекторы» байқауының нәтижелері:
I орын — Г. Жаркенова (Павлодар облыстық ұйымы);
II орын — Л. Айтқұлова (Жамбыл облысы, Байзақ аудандық ұйымы);
III орын — Г. Орымбаева (Жамбыл облысы, Жуалы аудандық ұйымы).
«Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» байқауының нәтижелері екі топ бойынша анықталды.
I топ:
I орын — Н. Плекан, қосалқы жұмысшы, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор, Қарағанды облысы Абай ауданы білім бөліміне қарасты «Таңшолпан» бөбекжайы;
II орын — Е. Сартай, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор, Қызылорда қаласындағы №3 IT мектеп-лицейі;
III орын — М. Асылбек, информатика пәнінің мұғалімі, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор, Алматы қаласы №90 мамандандырылған мектеп-лицейі.
II топ:
I орын — Р. Досметова, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор, Ұлытау облысы «Сәтбаев индустриалдық колледжі»;
II орын — Р. Утеулинов, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор, ШҚО «Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі»;
III орын — Қ. Сәрсенов, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор, Абай облысы «Көлік колледжі».
Шара қорытындысында Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева барлық қатысушылар мен жеңімпаздарды құттықтап, атқарылған жұмыстар мен белсенділік үшін алғыс білдірді. Ол кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау ұйым қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, бұл бағытта кәсіби құзыреттерді үнемі дамыту, тиімді тәжірибе алмасу және барлық деңгейде өзара әріптестікті нығайтудың маңыздылығын жеткізді.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Файлдар