Бала тәрбиесі – үлкен жауапкершілікті, мейірімділік пен жүрек жылуын қажет ететін қадірлі мамандық. Әр бүлдіршіннің бойындағы қабілетті байқап, танымдық қызығушылығын арттырып, өзіне деген сенімін қалыптастыру – тәрбиешінің күнделікті еңбегінің маңызды бөлігі. Осы жолда өз мамандығына адалдықпен қарап, балалардың тәрбиесі мен біліміне үлес қосып келе жатқан тәжірибелі мамандардың бірі – Жолдаева Жанаргүл Ертілеуқызы.
Жолдаева Жанаргүл Ертілеуқызы 1982 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Шұбарши ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Жақсыбайкөл бастауыш мектебінің бірінші сыныбына қабылданып, 1999 жылы Құрман орта мектебін тәмамдады. Одан кейін жоғары оқу орнына түсіп, «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі» мамандығы бойынша, кейін 2015 жылы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша жоғары білім алды.
Еңбек жолын 2005–2009 жылдары ауыл мектебінде қызмет атқарудан бастады. Бұл кезең оның кәсіби тәжірибе жинақтап, жауапкершілік пен еңбекқорлықты бойына сіңіруіне ықпал етті. 2009–2010 оқу жылында «Ертөстік» балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істеді. 2011 жылдан бастап Ойыл ауданындағы «Асанәлі» бөбекжай-бақшасында тәрбиеші болып қызмет атқарып келеді. Осы жылдар ішінде балаларды тәрбиелеу мен оқытуда мол тәжірибе жинақтап, кәсіби шеберлігін шыңдап келеді.
Ол оқу-тәрбие үдерісінде ойын элементтерін, шығармашылық тапсырмалар мен түрлі дамыту әдістерін қолдана отырып, әр баланың еркін ойлауына, өз ойын жеткізуіне және қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауына ықпал етеді. Сонымен қатар ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, тәрбие мен білім берудегі ортақ жауапкершілікті маңызды санайды.
Бүгінде Жолдаева Жанаргүл Ертілеуқызы «Асанәлі» бөбекжай-бақшасында жинақтаған мол тәжірибесін жас ұрпақ тәрбиесіне арнап келеді. Өз мамандығын құрметтеп, кәсіби ізденісті басты назарда ұстайтын тәрбиешінің еңбегі – бала болашағына қосылған үлес. Оның еңбек жолы таңдаған мамандығына деген адалдық пен жауапкершіліктің үлгісі.
Ақтөбе облыстық ұйымы
