1986 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл мекеме – талай бүлдіршіннің алғашқы тәрбие мектебіне айналып, бірнеше буынның өмір жолына ізгілік дәнін сепкен тағылымды білім ордасы. Бүгінде 280 балаға арналған бөбекжай-бақшада тәрбиеленушілердің жан-жақты дамуына, шығармашылық әлеуетінің ашылуына және мектепке дейінгі сапалы білім мен тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе мен педагогикалық дәстүрді сақтай отырып, мекеме бала мүддесін әрдайым бірінші орынға қояды.
Бөбекжай-бақшаның басты байлығы – өз мамандығын сүйетін, білімі мен біліктілігін бала тәрбиесіне арнаған педагогикалық ұжым. Мұнда 26 тәрбиеші, 2 музыка жетекшісі, 1 психолог, 1 логопед және 1 қазақ тілі пәнінің мұғалімі еңбек етеді. Әр маманның атқаратын қызметі ерекше, ал көздеген мұраты бір – бүлдіршіндердің бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, таным көкжиегін кеңейту. Тәрбиешілердің мейірімі мен төзімі, кәсіби ізденісі және балалардың әрбір жетістігіне шын жүректен қуана білуі – ұжымның шынайы болмысын айқындайды. Бала жүрегіне жол тауып, оның дарынын аша білу – үлкен өнер, сондықтан педагогтердің тынымсыз еңбегі қашан да құрметке лайық.
Ұжымның бірлігі мен мекеменің тұрақты дамуы, ең алдымен, басшының ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби ұстанымына байланысты. Осы орайда бөбекжай-бақша меңгерушісі Медетбекова Анар Қаныбекқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ол іскерлік пен талапшылдықты, жауапкершілік пен адамгершілікті ұштастыра отырып, ұжымды ортақ мақсатқа жұмылдырып келеді. Жұмыс үдерісін жүйелі ұйымдастыру, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға жағдай жасау, әріптестер арасындағы өзара сыйластық пен сенімді нығайту – мекеменің қалыптасқан беделінің басты негізі.
Ал бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Нұрпеисова Мадина Рахымбердіқызы қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, олардың мүдделерін қолдау, ұжымдық бірлік пен өзара көмек мәдениетін нығайту бағытында белсенді еңбек етуде. Басшылық пен кәсіподақ ұйымының өзара түсіністікке негізделген әріптестігі қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және берекелі еңбек ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.
«Әлия» бөбекжай-бақшасының ұжымы – адал еңбектің, кәсіби жауапкершіліктің және берекелі бірліктің үлгісі. Қырық жылдық тарихы бар мекеменің бүгінгі жетістігі – басшының іскерлігі мен педагогтердің табанды еңбегінің, ұжымдық ынтымақ пен кәсіподақтық қолдаудың жемісі. Ел болашағына өлшеусіз үлес қосып жүрген барша педагогтерге зор құрмет білдіреміз! Ұжымның мерейі үстем, абыройы асқақ, еңбегі жемісті болсын!
Бірлігі жарасқан бастауыш ұйым – кәсіподақтың шынайы күші!

Түркістан облыстық ұйымы.