Ұстаздық мамандықты жүрек қалауымен таңдап, білім беру саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан бастауыш сынып мұғалімі Кенжебекова Айгүл Арыстанқызы 1979 жылы 13 маусымда Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық кентінде дүниеге келген. 1996 жылы Ақтөбе педагогикалық колледжіне оқуға түсіп, 1999 жылы «Бастауыш сыныптарда оқыту» мамандығын тәмамдады. Еңбек жолын сол жылы №3 Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. 1999 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне түсіп, 2002 жылы «Бастауыш мектепте оқыту әдістемесі» мамандығы бойынша жоғары білім алды.
Педагогикалық қызмет барысында кәсіби біліктілігін арттырып, түрлі облыстық байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, нәтижелерге қол жеткізді. Бастауыш сынып мұғалімдері арасындағы облыстық пәндік олимпиадада I дәрежелі диплом, «Заманауи педагог» облыстық олимпиадасында II дәрежелі диплом иеленді. «Үздік сабақ жоспары» облыстық байқауында II орынға ие болды. Облыстық педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған семинар-практикумда іс-тәжірибесімен бөліскені үшін Алғыс хатпен марапатталды.
«Дарынды балалармен жұмыс заманауи білім берудің тиімділігі мен сапасын арттыру факторы ретінде» тақырыбындағы халықаралық тамыз конференциясында спикер болып, сертификат алды. Өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін Ақтөбе облысының білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, «Математика сабақтарында сыни ойлау қабілеттерін дамыту» атты әдістемелік құралы облыстық әдістемелік орталықтан жарық көрді.
Мұғалімнің жетекшілігімен оқушылары облыстық «Smart оқушы», «Ақбота» зияткерлік олимпиадаларына, республикалық «Абай оқулары», «Мағжан оқулары», «Мақатаев оқулары» байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, республикалық байқауларда I дәрежелі дипломдармен марапатталған оқушылары бар.
Кенжебекова Айгүл Арыстанқызы – өз мамандығына жауапкершілікпен қарайтын, кәсіби дамуға мән беретін, оқыту мен тәрбиені қатар алып жүрген ұстаз. Оның еңбек жолы, кәсіби жетістіктері мен шәкірттерінің байқаулардағы нәтижелері педагогикалық қызметінің жемісі болып табылады.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
