Арыстанбек Шұлғаубайұлы 1947 жылы Қордай ауданының Сұлутөр ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Трудовик орта мектебін бітіріп, Қырғызстандағы Пржевальск мемлекеттік педагогикалық институтының орыс тілі және әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Институтты 1968 жылы үздік тәмамдап, еңбек жолын Нарын қаласында бастайды. Әскери борышын өтегеннен кейін Қызылсай ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасады. Білімділігі мен ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен жас ұстаз көп ұзамай директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, ал 1973 жылы мектеп директоры болып тағайындалады.

Арыстанбек Молдажановтың мектеп басшысы ретіндегі маңызды еңбектерінің бірі – Қызылсай ауылына жаңа мектеп салдыруға күш салуы. Бұл ауылдың білім тарихындағы маңызды оқиға болды. Ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланды. 1987 жылы ҚР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, 1993 жылы «Білім беру озаты» атағын алды. Облыстық және аудандық білім органдарының, аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарына ие болды. 42 жылдық педагогикалық еңбек жолының 37 жылын мектеп директорлығына арнап, 2010 жылы зейнетке шықты.

Арыстанбек Шұлғаубайұлының өмірлік серігі Тұрсынкүл де Қызылсай орта мектебінде ұстаздық етіп, осы мектептен зейнетке шыққан. Бір ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірген отбасының балалары да ата-ана жолын жалғап, білім саласын таңдады.

Үшінші буын өкілдерінің қатарында бастауыш сынып мұғалімдері Гүлдәрияның 37, Ләзизаның 33, Оралханның 26 жылдық еңбек өтілі бар. Ұлы Асқарбек әкесі сияқты орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Қазіргі таңда Ораз Жандосов атындағы орта мектепте қызмет атқарады. Оның жұбайы Жазира да бастауыш сынып мұғалімі.

Әулеттің кейінгі буындары да түрлі бағытта білім беруге үлес қосып келеді. Қалдыгүл қазақ тілі мен әдебиетінен, Саят математикадан, Назия мен Айсұлу ағылшын тілінен сабақ береді. Әсел қазақ және ағылшын тілдері мамандығын меңгеріп, жоғары білім беру саласында еңбек етуде. Гүлсанат информатика маманы ретінде мектептегі оқу-тәрбие жұмысына басшылық жасайды. Алтынай мектепке дейінгі тәрбие саласында қызмет етеді.

Ұстаздық аманат төртінші буынға да жетті. Айзат Асқарбекқызы ағылшын және неміс тілдері мұғалімі мамандығын тәмамдап, Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінде білім беру менеджменті бойынша магистр дәрежесін алған. Білім академиясы мен жоғары оқу орнында зерттеу жұмыстарымен айналысқан ол бүгінде білім беру ұйымдарында тәрбие бағыты бойынша қызметін жалғастыруда.

Жас буын өкілдері де педагогикалық мамандықтарды жаңа бағыттармен сабақтастырып келеді. Ернат Асқарбекұлы алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі, Ерсұлтан Тынышбай дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын игерген.

Молдажановтар әулетінің ұстаздық жолы қоғам тарапынан да жоғары бағаланды. 2015 жылы «Молдажановтар әулетінің ұстаздар династиясы» облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында І орын иеленді. Сол жылы «Шуақты шаңырақ» облыстық форумына қатысып, «Мерейлі жанұя» дипломына ие болды.


Жамбыл облысы Қордай ауданының кәсіподақ ұйымы