Еңбек жолын Жуалы ауданындағы №24 Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектепте физика және математика пәнінің мұғалімі болып бастады. Сөйтіп 40 жыл балаларға дәріс берген Ақмарал Ажимуханқызы өткен оқу жылында зейнетке шыққан еді.

Еңбек жолында талай оқушының жүрегінен орын алып, шәкірттерінің құрметіне бөленген Ақмарал Ажимуханқызы ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленіп, 1999-2014 жылдар аралығында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Ұстаздарға сабақты түрлендіріп өткізу, оқытудың жаңа технологиясын ұтымды пайдалану жұмыстарын іскерлікпен ұйымдастырып, шығармашыл маман ретінде аудан ұстаздарына танымал болды. Әріптестерін үнемі ықыласпен тыңдап, іс тәжірибесі аудан ұстаздарына таратылды. Шәкірттері пән олимпиадасының жеңімпаздары болды. Мекеме басшысының орынбасары қызметіне 15 жылын арнап, өзінен кейінгі жас ұрпаққа үлгі болып, жоғары санатты маман және әріптестеріне тәлімгер бола білді.

Мұғалімдік мамандықты мақтаныш тұтқан ұстаз еңбегі елеусіз емес. Ол білім саласының әр түрлі басшылығы тарапынан бірнеше рет марапатталған. «Білім қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Өмір жолында жұбайы Нұргелді Тастеміров екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, өсірді. Ұл-қыздарының барлығы да жоғары білімді, екі қызы да ана жолын қуып ұстаз болды. Әйгерім тарих пәнін таңдаса, Мақпал биология пәнінің мұғалімі, келіні Меруерт те ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

Ерінбей еңбек ету, іздену, жаңашыл болу, бұл зейнеткер ұстаздың бойындағы ең асыл қасиеттің бірі. Ол өзін әрдайым білікті маман ретінде танытты. Оның қарапайымдылығы, ұстамдылығы айналасындағыларға үлгі болды. Ақмарал Ажимуханқызы ұстаздықты өмірлік мұрат еткен, шәкірт тәрбиесін ең биік парыз санаған нағыз еңбек адамы.


Жамбыл облысы Жуалы ауданының кәсіподақ ұйымы