Осы күздің суық күндері академик Е.А. Бөкетов атындағы мектеп-гимназиясының ұжымы Петропавл қаласындағы «Нептун» аквапаркінде тамаша демалыс өткізіп, бір серпіліп, көтеріңкі көңіл күймен оралды.
Күнделікті қарбалас жұмыс, жауапкершілік пен тынымсыз еңбектің арасында осындай демалыс сәттерінің орны ерекше. Себебі мұғалім үшін тек кәсіби қызметте жетістікке жету ғана емес, әріптестермен бірге уақыт өткізіп, рухани тынығу, көңіл сергіту де өте маңызды.
«Нептун» аквапаркінде өткен бұл демалысымыз қызықты сәттерге, шат күлкіге, көтеріңкі көңіл күйге және жағымды эмоцияларға толы болды. Әріптестерімізбен бірге суға түсіп, көңілді уақыт өткізіп, күнделікті жұмыс барысындағы шаршағанымызды ұмыттық. Бір-бірімізге ізгі тілектер айтып, шынайы қуаныш пен көтеріңкі көңіл күйді бөлістік. Осындай сәттер ұжым мүшелерінің бір-біріне деген сыйластығы мен құрметін арттырып, достық қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз.
Шын мәнінде, ұйымшыл ұжым болу – тек ортақ мақсат жолында еңбек ету ғана емес, қуанышты да, қызықты сәттерді де бірге бөлісе білу. Осындай басқосулар әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ортақ естеліктер қалыптастырады. Демалыстан алған жағымды әсеріміз бен жақсы көңіл күйіміз алдағы уақытта да жемісті еңбек етуімізге күш-қуат пен жаңа серпін береді деп сенеміз.
Осы керемет демалысты ұйымдастырып, мектебіміздің ұжымына осындай тамаша мүмкіндік сыйлаған Шал Ақын аудандық кәсіподақ комитетіне шынайы ризашылығымызды білдіреміз!
Сіздердің ұстаздар қауымының еңбегін бағалап, олардың көңіл күйі мен демалысына көңіл бөліп, осындай игі бастамаларды жүзеге асырып жүргендеріңіз біз үшін өте маңызды. Бұл – ұжымға деген құрметтің, қамқорлық пен жанашырлықтың айқын көрінісі.
Осындай жарқын кездесулер мен қуанышты сәттеріміз көп болсын! Ұжымымыздың ынтымағы артып, бірлігіміз бекем, достығымыз мәңгі болсын! Бірге өткізген әрбір сәтіміз жүрегімізде әдемі естелік болып сақталсын!
--
академик Е.А. Бөкетов атындағы мектеп-гимназиясының ұжымы Шал ақын ауданы СҚО
