Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы өкілдерінің қатысуымен Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының ХХХІ кезектен тыс есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Маңызды басқосуға аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, әлеуметтік әріптестер мен кәсіподақ белсенділері қатысты.

   Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Р.Серікова ұйым қызметінің негізгі бағыттары туралы баяндап, білім және ғылым саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, оларға құқықтық көмек көрсету, еңбек қатынастарында туындайтын мәселелер бойынша қолдау білдіру және әлеуметтік-еңбек жағдайларын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

   Конференцияда Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Г.Ақанова ұйымның атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, есепті кезеңде жүзеге асырылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелерді баяндады.

   Өз кезегінде аудандық білім бөлімінің басшысы Шерхан Отаров білім саласы қызметкерлерінің құқықтарын қорғау және еңбек жағдайларын жақсарту бағытында кәсіподақ ұйымымен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстардың оң нәтижесін атап өтті. Сонымен қатар алдағы уақытта да әлеуметтік әріптестікті нығайтып, педагогтар мен білім беру ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.

   Күн тәртібіне сәйкес конференция барысында облыстық ұйымның Бақылау-тексеру комиссиясының есебі тыңдалды.

   Конференция делегаттары күн тәртібіндегі барлық мәселелерді талқылап, жарыссөз барысында айтылған ұсыныс-пікірлерді ортаға салды.

   Конференцияның ашық дауыс беру қорытындысы бойынша делегаттардың бірауыздан қолдауымен Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы болып Р.Біржанов сайланды.

   Басқосу соңында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Р.Серікова Г.Ақановаға кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі мен жемісті еңбегі үшін алғыс айтып, салалық кәсіподақтың «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісін және облыстық кәсіподақ ұйымы атынан шипажайға жолдама табыстады.

 

   Ақтөбе облыстық кәсіподағы