Кездесудің басты мақсаты – еңбек қатынастарын заң талаптарына сәйкес реттеу, қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, ұжымдық шарттың маңызын түсіндіру және келісу комиссиясының жұмысын жетілдіру мәселелерін талқылау болды.
Басқосуда облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Айжарық Серімбетов кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып, ұйымның құрылымы, атқаратын жұмыстары мен мүшелеріне көрсетілетін қолдау түрлері жөнінде кеңінен мәлімет берді. Сондай-ақ, кәсіподақ тарапынан жүзеге асырылатын әлеуметтік қолдау шаралары таныстырылды. Атап айтқанда, кәсіподақ мүшелеріне материалдық көмек көрсету, сауықтыру орындарына, тарихи-танымдық саяхаттарға жолдамалар ұсыну, кәсіби еңбегі мен жетістіктерін ынталандыру бағытындағы жұмыстар сөз болды.
Еңбек заңнамасына қатысты мәселелер бойынша кәсіподақ заңгері Нұрлан Жетпісбай келісу комиссиясының қызметіне жан-жақты тоқталып, еңбек дауларын қараудың құқықтық тетіктерін түсіндірді. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыс барысында туындайтын келіспеушіліктердің алдын алу және оларды заң аясында шешу жолдарына назар аударды.
Ал, ұйым заңгері Александр Алимпиев ұжымдық шарттың еңбек қатынастарындағы орны мен маңызын түсіндірді. Ұжымдық шарттың жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы өзара жауапкершілікті айқындап қана қоймай, еңбек жағдайларын жақсартуға, әлеуметтік кепілдіктерді кеңейтуге және қызметкерлердің мүдделерін қорғауға негіз болатыны атап өтілді.
Кездесу барысында лицей қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, еңбек шарты, еңбекақы төлеу, әлеуметтік кепілдіктер мен еңбек құқықтарын қорғауға қатысты мәселелер бойынша мамандардан түсініктемелер алды.
--
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
