Марал Аружан Серікқызы 2002 жылы 27 ақпанда Хромтау ауданында дүниеге келген. 2023 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін «Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша үздік тәмамдады. Бүгінде ол №7 Хромтау мектеп-гимназиясында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп, шәкірттеріне білім мен тәрбие беруде.

Жас маман – жаңашылдыққа ұмтылған, ізденісті өмірлік қағидасына айналдырған, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын тұлға. Ол сабақ барысында білім мен тәжірибені ұштастыра отырып, әр оқушының бойындағы қабілетін ашуға, спортқа деген қызығушылығын арттыруға, дене белсенділігі мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Ұстаз үшін шәкірттің әрбір жетістігі – еңбектің жемісі, ал оның жеңіске деген талпынысы – үлкен мақтаныш.

Аружан Маралдың кәсіби жолындағы жетістіктері де ерекше атап өтуге лайық. Мұғалімдер арасында ұйымдастырылатын түрлі спорттық спартакиадалар мен жарыстарда аудандық, облыстық және республикалық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп келеді.

Атап айтқанда, 2024 жылы аудандық кезеңде I орын, облыстық кезеңде II орын иеленіп, облыстық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы тарапынан Бурабай қаласына тарихи-танымдық саяхатқа жолдама алды. Сонымен қатар Қызылорда қаласында өткен мұғалімдер спартакиадасында жалпыкомандалық есеп бойынша II орынға қол жеткізді.

Ал, 2026 жылы облыстық жарыста II орын иеленіп, Алматы қаласында өткен республикалық сайыста жалпыкомандалық есеп бойынша III орынға ие болды. Бұл жетістіктер – оның табандылығының, спортқа деген сүйіспеншілігінің, командалық рухы мен үздіксіз еңбегінің айқын көрінісі.

Марал Аружан Серікқызы – өз жетістігімен ғана шектелмей, шәкірттерін де жеңіске жетелейтін, спортты өмірлік ұстанымына айналдырған, жігерлі, ізденімпаз әрі мақсаты айқын жас ұстаз. Оның еңбек жолы жастық жігер мен кәсіби ізденістің, білім мен спорттың үйлесімді үлгісі.

Ақтөбе облыстық кәсіподағы