Халықаралық конгресті Түркияның білім беру қызметкерлері кәсіподағы – Türk Eğitim-Sen және Халықаралық Еуразия білім беру кәсіподақтары одағы (UAESEB) ұйымдастырды.

Биылғы халықаралық жиынға 46 елден 1 327 ғалым мен білім беру саласының өкілі қатысып, 1 048 ғылыми баяндама ұсынылды. Қазақстан атынан қатысқан профессор-оқытушылар құрамының қатарында Ақтөбе облысының делегациясы да болды. Өңір атынан облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушылары, физика-математика ғылымдарының кандидаттары Асқарбек Иманчиев пен Айымгүл Ахметова қатысты. Ақтөбелік делегация мүшелері халықаралық ғылыми ортада тәжірибе алмасып, түркі елдерінің білім және ғылым саласындағы әріптестерімен кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік алды.

Төрт күнге созылған ғылыми жиында білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіру, жоғары білім жүйесін жаңғырту, ұлттық құндылықтарды сақтау, тіл мен әдебиетті, тарихи-мәдени мұраны зерттеу мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар білім беру саласындағы цифрлық трансформация мен жасанды интеллект технологияларын қолдану тақырыбына ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар жаңа технологиялардың ғылыми зерттеулер мен оқыту үдерісіне ықпалын талқылап, өзара тәжірибе бөлісті.

Конгрестің тағы бір маңызды тұсы – кәсіподақ ұйымдарының ғылым мен білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы рөлі. Өйткені кәсіподақ қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғаумен қатар, педагогтер мен ғалымдардың кәсіби дамуына, ғылыми әлеуетінің артуына және халықаралық тәжірибе алмасуына да қолдау көрсетеді.

Ақтөбелік делегацияның осындай ауқымды ғылыми басқосуға қатысуы өңірдің білім мен ғылым саласындағы әлеуетін танытып қана қоймай, халықаралық байланыстарды нығайтуға, болашақтағы бірлескен ғылыми жобаларға жол ашты.
Анталияда өткен халықаралық конгресс ақтөбелік ғалымдар үшін кәсіби тәжірибе алмасудың, жаңа ғылыми байланыстар орнатудың және түркі әлемімен ынтымақтастықты тереңдетудің маңызды алаңына айналды.

Ақтөбе облыстық кәсіподағы