Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының ұйымдастыруымен Ырғыз ауданындағы 40-қа жуық білім беру ұйымдарының басшыларына арналған онлайн кездесу өткізілді. Zoom платформасында өткен оқыту семинары еңбек қатынастарын заң талаптарына сәйкес реттеу, жұмыс берушілердің құқықтық жауапкершілігін арттыру және еңбек заңнамасын тәжірибеде дұрыс қолдану мәселелеріне арналды.

Кездесу барысында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова кәсіподақтың қызмет бағыттары мен білім саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыстарына тоқталды. Ұйым төрағасы еңбек қатынастарында заңдылық қағидаттарын басшылыққа алудың, қызметкерлердің мүдделерін сақтаудың және жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы өзара түсіністік пен тиімді әлеуметтік әріптестікті қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Одан кейін кәсіподақ ұйымының заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай еңбек заңнамасының білім беру ұйымдары қызметінде жиі кездесетін талаптары бойынша нақты түсініктемелер берді.

Атап айтқанда, еңбек шартын жасасу және өзгерту тәртібі, жұмыс уақытының есебі, тынығу уақыты, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын рәсімдеу, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен жұмыс берушінің міндеттері кеңінен қарастырылды. Сондай-ақ еңбек қатынастарын тоқтату, заң талаптарын бұзу салдарынан туындауы мүмкін даулы жағдайлар және олардың алдын алу жолдарына назар аударылды.

Мектеп басшылары үшін мұндай ақпараттың практикалық маңызы зор. Себебі, білім беру ұйымдарында кадрлық құжаттарды дұрыс рәсімдеу, еңбек шарттарының талаптарын сақтау және әрбір қызметкердің заңды құқықтарын қамтамасыз ету – басшы жұмысының маңызды бағыттарының бірі.

Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, мамандарға сұрақтарын жолдады. Кәсіподақ өкілдері тарапынан нақты жауаптар беріліп, еңбек қатынастарында кездесетін құқықтық мәселелерді шешуге қатысты ұсыныстар айтылды.

Осындай түсіндіру кездесулері білім беру ұйымдары басшыларының құқықтық білімін жетілдіруге, еңбек заңнамасын бірізді қолдануға және ұжымдарда заңды әрі әділ еңбек ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.

--
Ақтөбе облыстық кәсіподағы