Жастығына қарамастан, парасатымен құрметке бөленіп, қарапайымдылығымен көпшіліктің көңілінен шығып, еңбегімен ел алғысына ие болып жүрген жас ұстаздардың бірі –Ақтөбе облысы  Шалқар қаласындағы №4 жалпы орта білім беретін мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Бекет Айсәуле Жаңбырбайқызы.

1996 жылы 21 наурызда Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген Айсәуле Бекет 2017 жылы Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетті «Шетел тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша тәмамдап, 2018 жылы ұстаздық еңбек жолын бастады.

Айсәуле – білім мен өнерді қатар алып жүрген жан. Ән айтса жүрекке жеткізеді, сахнаға шықса көпшілікті баурайды, қолға алған ісіне жауапкершілікпен қарайды. Ұстаздық жолында да әр шәкірттің қабілетін ашып, бойына біліммен қатар адамгершілік қасиеттерді сіңіруді басты міндеті санайды.

Жас ұстаздың еңбегінің жемісі – шәкірт жетістігі. Шәкірті Абдулғафур Қондыбай облыстық ғылыми жобалар байқауында Бас жүлдені иеленіп, республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауында Ақтөбе облысының атынан жобасын қорғап, Грамотамен марапатталды.

Айсәуленің өзі де бірқатар жетістіктерге қол жеткізген. Аудандық «Жас мамандар» байқауында І орын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған қарасөз оқу байқауында ІІ орын иеленді. «Біз біргеміз!» акциясына белсене қатысып, «Үздік волонтер» төсбелгісімен марапатталды.

Еңбегі облыс көлемінде де еленіп, Ақтөбе облысының әкімінің Алғыс хаты мен домбыра сыйлығына, сондай-ақ облыстық білім және қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Алғыс хатына ие болды.

Жас болса да, атқарған ісі мен жеткен жетістігі көпке үлгі Айсәуле Бекет – ізденісімен шыңдалып, еңбегімен биіктеп келе жатқан ұстаз. Шәкірт жүрегіне жол тауып, өз ісіне адалдық танытып жүрген жас маманның алдағы уақытта да алар асуы мен бағындырар белесі көп боларына сеніміміз мол.

 

Ақтөбе облыстық кәсіподағы