Педагогикалық еңбек өтілі – 7 жыл, біліктілік санаты – педагог-модератор.

Нұрлыгүл Тасқынбаева – білім беру үдерісінде заманауи әдіс-тәсілдерді, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді қолданып жүрген жаңашыл педагог.

Кәсіби жетістіктері де аз емес. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұйымдастырған «Заманауи педагог» облыстық олимпиадасында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған. «Абай және ХХІ ғасыр» облыстық байқауында, «Лучший видеоурок» облыстық байқауында ІІ орын, облыстық педагогикалық олимпиада мен «Үздік сабақ жоспары» байқауында ІІІ орын иеленген. Сондай-ақ «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» VI республикалық байқауының аудандық кезеңінде «Жаңашыл жас маман» номинациясына ие болған.

Ғылыми-әдістемелік бағытта да белсенділік танытып келеді. Облыстық және аудандық семинарларда заманауи оқыту әдістері, инклюзивті білім беру, оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мәселелері бойынша іс-тәжірибесімен бөліскен. «Интеграция искусственного интеллекта в процесс создания мультфильмов для развития речевых навыков учащихся» тақырыбындағы ғылыми-әдістемелік мақаласы «Өрлеу» ұйымдастырған семинардың баспа жинағында жарияланған.

Ұстаз еңбегінің басты жемісі – шәкірт жетістігі. Нұрлыгүл Тасқынбаева дайындаған оқушылар пәндік олимпиадалардың аудандық және облыстық кезеңдерінде жүлделі орындарға ие болып келеді. Шәкірттері республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде, «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының аудандық кезеңінде, С.Я.Маршактың 135 жылдығына арналған облыстық байқауда және М.Ю.Лермонтовтың 210 жылдығына арналған халықаралық мәнерлеп оқу байқауында жоғары нәтиже көрсеткен. Сонымен қатар, оқушыларымен бірге мультфильм жасау арқылы сөйлеу дағдыларын дамыту және интернет-маркетплейстер жарнамасының тілдік ерекшеліктері тақырыптарында ғылыми жобалар әзірлеген.

Нұрлыгүл Тасқынбаева жас болса да, кәсіби ортада өзіндік тәжірибесін қалыптастырып, шәкірттерінің жетістігі арқылы еңбегінің нәтижесін көрсетіп келеді. Оның бүгінгі табыстары – тынымсыз еңбегінің, алға қойған мақсатына деген табандылығының айғағы…


Ақтөбе облыстық кәсіподағы