Кербұлақ ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Олжас Бекеев пен Альмира Бекееваның отбасында төрт ұлдың дүниеге келуі – көпшілік үшін сүйінші жаңалық болды. Бүгінде Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан есімді төрт бүлдіршіннің өмірге келуі жас отбасының ғана емес, тұтас ауыл-аймақтың қуанышына айналды.

31 жастағы Альмира Бекеева – Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте педагог болып еңбек етеді. Ал жұбайы Олжас Бекеев жүк көлігінің жүргізушісі. Бұған дейін үш баланы тәрбиелеп отырған отбасының қатары енді төрт нәрестемен толықты. Осылайша, шаңырақтағы бала саны жетіге жетіп, отбасы көпбалалы отбасылардың қатарына қосылды.

Осындай қуанышты сәтте Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы да жас отбасының қуанышына ортақтасты.

Атап айтқанда, «Жетісу» жергілікті кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергенов пен Кербұлақ аудандық филиалының төрағасы Жақан Дуанаев жас ана Альмира Бекееваны және оның отбасы мүшелеріне арнайы барып, сәбилердің өмірге келуімен шын жүректен құттықтады.

Кездесу барысында кәсіподақ өкілдері жас анаға аналық бақыт, зор денсаулық, отбасына амандық пен береке тілеп, төрт бүлдіршіннің елдің мақтанышына айналып, бақытты балалық шақ кешуіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ, отбасының қуанышына ортақтасып, осындай ерекше сәтте жанашырлық таныту – кәсіподақ ұйымының адамға деген құрметі мен қамқорлығының көрінісі екенін атап өтті.

Альмира Бекеева секілді ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген педагогтің отбасындағы осындай қуанышты оқиға барша әріптестеріне де ерекше әсер сыйлады. Өйткені бала – елдің ертеңі, отбасының бақыты, қоғамның байлығы.

Төрт сәбидің өмірге келуімен толыққан шаңыраққа шаттық, жас ата-анаға қажымас күш-қуат тілейміз! Арлан, Арсылан, Әлихан мен Әмірханның дендері сау, ғұмырлары ұзақ, болашақтары жарқын болсын! Ата-анасының қуанышын еселеп, елінің мақтанышына айналсын!

Бір шаңыраққа төрт бақыт сыйлаған бұл қуаныш құтты болсын!


«Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» ҚБ баспасөз қызметі