Ұстаздық жолдағы 19 жыл – ізденіс пен еңбектің, тәжірибе мен толассыз дамудың жылдары. Осы уақыт ішінде Мақпал Асауовна көптеген шәкіртке білім беріп қана қоймай, олардың бойындағы қабілетті танып, оны дамытуға бағыт-бағдар бере білді. Ұстаз еңбегінің ең үлкен нәтижесі де – шәкірт жетістігі.

Ұстаздың шығармашылық қыры көркем еңбек пәнінен де айқын көрінеді. Шәкірттері түрлі шығармашылық байқауларға белсенді қатысып, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. 

Нағыз ұстаз үшін ізденіс ешқашан тоқтамайды. Мақпал Асауовна да өз білімін үнемі жетілдіріп, түрлі біліктілікті арттыру курстарына қатысып, заманауи педагогикалық бағыттарды меңгеріп келеді. Ол әрдайым жаңашыл идеяларға ұмтылып, сабақ барысында да, мектеп өмірінде де тың бастамаларымен ерекшеленеді.

Мақпал Асауовна тек пән мұғалімі ғана емес, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласатын ұйымдастырушы ұстаз. 2010 - 2013 жылдары директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін де атқарып, мектеп ұжымының дамуына өз үлесін қосты. Бұл қызметте ол өзінің ұйымдастырушылық қабілетін, жауапкершілігін және көшбасшылық қасиетін таныта білді.

Әріптестері арасында сыйлы, тәжірибесімен бөлісуге дайын, қажет кезде бағыт-бағдар бере алатын Мақпал Асауовна – жас мамандар үшін де өнегелі ұстаз. Оның бойындағы еңбекқорлық, жауапкершілік, ізденімпаздық пен жаңашылдық әріптестеріне үлгі.

Ал шәкірттерінің ұстаз туралы айтқан пікірлері оның кәсіби болмысын одан әрі аша түседі. Оқушылары Мақпал Асауевнаны өз ісін адал атқаратын, еңбекқор, шығармашыл әрі талапшыл ұстаз ретінде бағалайды.

Ұстаздық – жай ғана мамандық емес, ол үлкен жауапкершілік пен жүрек жылуын талап ететін қасиетті жол. Мақпал Асауовнаның 19 жылдық еңбек жолы – осы мамандыққа деген адалдықтың, үздіксіз ізденістің және шәкіртке деген шынайы жанашырлықтың көрінісі.

Шәкіртінің жетістігіне қуану, оның қабілетіне сену, білімге жетелеу – ұстаз еңбегінің ең үлкен марапаты. Мақпал Асауовна осы жолда өз ісіне адалдығымен, кәсіби шеберлігімен және жаңашыл ойларымен мектеп өміріне өзіндік үлесін қосып келе жатқан ардақты ұстаз.


Солтүстік Қазақстан облыстық ұйымы