Ұстаздық – ұлы жол. Бұл жолды жүрек қалауымен таңдап, бар ғұмырын бала тәрбиесі мен білім беруге арнаған жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Сондай аяулы ұстаздардың бірі Жамбыл облысы Жуалы ауданы Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Ұлболсын Сванбаева. Оның педагогикалық еңбек өтілі 40 жылға жуықтап қалды.

Ұлболсын апайдың ұстаздық жолы талай шәкірттің арманына қанат бітіріп, шығармашылық қабілетін шыңдаған тағылымды еңбек. Ол бейнелеу өнерін балалардың жүрегіне жақындатып, әр шәкіртінің қиялына еркіндік беріп, әсемдікті сезінуге үйретіп келеді. Сурет салу жай ғана бояу мен қағаздың үйлесімі емес, баланың ішкі жан дүниесін, арманын, қоршаған ортаға деген көзқарасын жеткізетін өнер. Мұны терең түсінетін ұстаз әр шәкіртінің шығармашылық мүмкіндігін ашуға, бойындағы қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бірінің сурет салуға деген қызығушылығын оятса, енді бірінің қиялын ұштап, өнерге деген сенімін арттырады.

Ұстаз еңбегінің ең үлкен бағасы – шәкіртінің жетістігі. Ұлболсын апайдың шәкірттері аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Әрбір жеңісте оған бағыт-бағдар берген ұстаз еңбегі бар. Себебі, байқауға дайындық барысында ұстаз бен шәкірт арасында ерекше шығармашылық байланыс қалыптасады. Ұлболсын апай шәкірттерінің әрбір жұмысына жауапкершілікпен қарап, жаңа идеялар іздеуге, өз мүмкіндіктерін бағалауға үйретеді.

Қырық жылға жуық педагогикалық еңбек жолында Ұлболсын апай қаншама баланың қолына қылқалам ұстатып, өнер әлеміне жол ашты. Көптеген шәкірттің алғашқы шығармашылық қадамына куә болып, олардың қабілетін дамытуға үлес қосты. «Ұстаздан шәкірт озар» деген халқымыздың қанатты сөзі осындайда еске түседі. Ұлболсын Сванбаеваның шәкірттері оның ұстаздық мектебінің жалғасы болып келеді. Олар алған білімін, көрген тәрбиесін, өнерге деген сүйіспеншілігін өмірлерінің әр саласында пайдаланып, өз жолдарын табуда. Жақсы ұстаздың берген білімі ғана емес, мейірімі, өнегесі мен жүрекке жеткен сөзі де ұмытылмайды.

Жамбыл облысы Жуалы ауданының кәсіподақ ұйымы