Ұшқанбек Молдақұлұлы 1952 жылы Бетқайнар ауылында дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң Красногор совхозының ауыл шаруашылығы техникумында оқып, 1973 жылы «техник-механик» мамандығын алады. Еңбек жолын Бетқайнар ауылындағы СПТУ-7 кәсіптік білім беру мекемесінде өндірістік оқыту шебері болып бастап, кейін аға шебер қызметіне көтеріледі. Еңбекпен қатар білімін жетілдіріп, Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтында инженер-педагог біліктілігін меңгереді. 1987 жылы директордың орынбасары қызметіне тағайындалып, 1998 жылдан бастап №7 Бетқайнар колледжінің директоры болып еңбек етеді. Колледжді 17 жыл басқарған Ұшқанбек Молдақұлұлы 2015 жылы зейнеткерлікке шығады. Оның маңызды еңбектерінің бірі – 1997-1998 жылдары жабылып қалу қаупі төнген оқу орнын сақтап қалуға күш салуы. Ұзақ жылғы еңбегі «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Қазақ ССР кәсіптік-техникалық білім беру ісінің озық қызметкері», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгілері және І дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен бағаланған.
Әке өнегесін ұлы Бауыржан Жауар жалғастырып келеді. Қазақ ауыл шаруашылығы институтында инженер-педагог мамандығын алған оның білім саласындағы еңбек өтілі 31 жылды құрайды. Қазіргі уақытта №7 Бетқайнар колледжінде директордың кәсіптік оқыту жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Әкесі оқу орнының қалыптасуы мен сақталуына еңбек сіңірсе, ұлы кәсіптік оқытуды ұйымдастыруға, білім алушылардың сапалы мамандық меңгеруіне үлес қосып келеді.
Әулеттің үшінші буыны Рүстем Жауар заманауи технологиялар саласын таңдаған. М.Х.Дулати атындағы жоғары оқу орнында «Ақпараттық жүйелер» мамандығын меңгерген ол бүгінде программист болып еңбек етіп, ақпараттық технологиялар саласында бес жылдан астам тәжірибе жинақтаған. Атасы мен әкесі кәсіптік білім беру саласында еңбек етсе, немересі цифрлық технологиялар дәуірінде жаңа мамандықты меңгеріп, әулеттің білім мен кәсіби шеберлік дәстүрін жалғастыруда.
Жамбыл облысы Қордай ауданының кәсіподақ ұйымы
