Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының ұйымдастыруымен бүгін Мұғалжар ауданындағы білім беру ұйымдарының басшыларына арналған онлайн оқыту семинары өтті. Zoom платформасы арқылы ұйымдастырылған кездесудің негізгі мақсаты – еңбек қатынастарын заң талаптарына сай реттеу, жұмыс берушілердің құқықтық сауаттылығын арттыру және еңбек заңнамасының нормаларын тәжірибеде дұрыс қолдану жолдарын түсіндіру.
Семинарды облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова ашып, кәсіподақ қызметінің басым бағыттарына, білім саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар еңбек қатынастарында заңдылықты сақтау, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы өзара сенім мен түсіністікті нығайту, әлеуметтік әріптестікті тиімді жолға қоюдың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында кәсіподақ ұйымының заңгері Нұрлан Жетпісбай білім беру ұйымдарының күнделікті қызметінде жиі кездесетін еңбек заңнамасының өзекті мәселелеріне жан-жақты тоқталып, қатысушыларға құқықтық түсіндірмелер берді. Атап айтқанда, еңбек шартын жасасу, ұжымдық шарттың мазмұны мен жасалу тәртібі, тараптардың міндеттемелері, сондай-ақ ұжымдық шарт талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мәселелері кеңінен қамтылды. Сонымен қатар ұжымдық шарттың қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы рөліне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ жұмыс уақыты мен тынығу уақытын есепке алу, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру және рәсімдеу тәртібі, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен жұмыс берушінің міндеттері кеңінен түсіндірілді.
Білім беру ұйымдарының басшылары үшін бұл тақырыптардың маңызы ерекше. Өйткені, кадрлық құжаттаманы заң талаптарына сәйкес жүргізу, еңбек шарттарының талаптарын сақтау, қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету – басшының кәсіби жауапкершілігін айқындайтын негізгі міндеттердің бірі.
Семинар соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, еңбек қатынастарына қатысты нақты мәселелерді ортаға салды. Кәсіподақ заңгерлері тарапынан әрбір сұраққа жауап беріліп, тәжірибеде кездесетін құқықтық жағдайларды шешу жолдары бойынша пайдалы кеңестер ұсынылды.
Айта кетейік, онлайн басқосуға 60-қа жуық білім беру ұйымының басшылары қатысты.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
