Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының құрамында кіші қызметкерлерде бар. Олардың құқығы мен мүддесін қорғауда кәсіподақ белсенді атсалысып келеді.

   Осы мақсатта облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов  Ақсу ауданы,  Ю. Гагарин атындағы орта мектептің ұжымымен кездесті.  Кездесу барысында білім ордасының тазалығына жауапты қызметкерлерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жайында толыққанды ақпарат берілді. Кіші қызметкерлердің басым бөлігі орта жаста болуына байланысты қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуына мән беру қажет екенін жеткізді.

    Сонымен қатар, кәсіподақ төрағасы кездесуде заңдарға енгізілген өзгерістерді негізге ала отырып, салалық кәсіподақ  ұжымдық шарттың жаңа үлгісін әзірлегенін жеткізді. Қазіргі таңда барлық білім ордаларына жолданғанын айтып, кәсіподақтың маңызды құжатының бірі – ұжымдық шартпен толық танысуды ұсынды. Себебі, жұмыс берушінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жұмыскерлердің экономикалық жағдайын жақсартуға басымдық берілген бірде-бір құжат осы екенін айтты.

    Мектеп директоры Дана Бестибаева еңбек ұжымының жағдайын баяндап,  ауылдық мектептің  әлеуетін айтып берді.  Ауылдағы  жұмыс көзінің бірі білім ордасы болғандықтан барлық қызметкерлердің ұсынысына назар аударылатынын айтып, кәсіподақпен бірге жұмыс жүргізетінін жеткізді.

    Кездесуге қатысушылар өздерінің сұрақтарын қойып, толық жауап алды.  Кәсіподақ өкілдеріне алғыстарын білдірді.


--

Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі