Мұғалім болуға деген қызығушылығым мектеп қабырғасынан басталды. Ұстаздарымның әрбір сөзі мен ісіне қарап, бой түзедім. Сол кезде алдыма «мұғалім боламын» деген мақсат қойдым. Осы арман жетелеп, 1983 жылы Қыздар педагогикалық институтына оқуға түстім. Бес жыл бойы география және биология мамандығын меңгеріп, 1988 жылы дипломымды алдым. Еңбек жолымды Ильич, қазіргі Мыңатай Қыстаубайұлы атындағы орта мектепте аға вожатый, яғни тәлімгер болып бастадым. Кейін өз мамандығым бойынша сабақ бере жүріп, алғашқы қызметімнің мектеп басқару ісіне де үлкен тәжірибе болғанын түсіндім.

Он алты жыл директордың орынбасары қызметін атқардым. Кезінде жас маман болып табалдырығын аттаған мектебімде басшылық қызметке дейін өсу мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік болды. Бүгінде осы білім ордасындағы еңбек жолыма көз салсам, қырық жылға жуық уақыттың қалай өткенін аңғармай да қалыппын. Осы жылдар ішінде талай жас маманның қалыптасуына көмектестім, қаншама шәкірттің алғашқы қадамына куә болдым. Бүгінде олардың әр салада еңбек етіп, елге қызмет етіп жүргенін көру мен үшін үлкен қуаныш.

Қазіргі таңда кәсіподақ төрайымы ретінде әріптестерімнің еңбек құқықтарын қорғауға, олардың мәселелерін шешуге қолдау көрсетуге күш салып келемін. Ұстаздың еңбегін қорғау, оның қадірін арттыру білім саласына деген құрметтің бір көрінісі. Өйткені мұғалімнің жағдайы жақсы болса, оның жұмысына да көңілі толып, шәкіртіне көбірек ықылас бөледі.

Мен бұл өмірде тек мұғалім ғана емеспін. Үйде – анамын, әжемін. Ал келін болып түскен қара шаңырағымды бүгінде ұстаздар әулеті деп мақтанышпен айта аламын. Айтимишовтар әулетінде педагог мамандығын таңдаған 28 жан бар. Бұл бір әулеттің бірнеше буынына жалғасқан үлкен дәстүр.

Атам – географ, енем – математик, жолдасым – географ болды. Атам мен жолдасым өмірден өтсе де, олардың ұстаздық жолын қос ұлым, келіндерім және қызым жалғастырып келеді. Бір әулеттің осынша мүшесінің бір мамандықты таңдауы кездейсоқтық емес деп ойлаймын. Бұл отбасында қалыптасқан еңбекке, білімге және ұстаздыққа деген құрметтің нәтижесі.

Ұстаздық мен үшін жай ғана жұмыс емес, өмірімнің мәні. Осы жолда кездескен қиындықтар мен қуаныштар, шәкірттер мен әріптестер, отбасыдағы ұстаздық дәстүр – бәрі де менің өмірлік байлығым.


Ләззат МАНАПБАЕВА, Жамбыл облысы Талас ауданы М.Қыстаубайұлы атындағы орта мектептің мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы