Еңбекақы төлемі
«Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 желтоқсандағы № 864 Қаулысымен 3-тармақтың 2) тармақшасына өзгеріс енгізілген. Осыған сәйкес:
Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне ЛА (тарифтік мөлшерлемелері) келесіні қоспағанда:
жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарынан басқа білім беру ұйымдарының педагогтарын;
мемлекеттік ұйымдардың: стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелердің, үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдарының, жұмыспен қамту орталықтарының басқарушы, негізгі персоналдарының жұмыскерлерін;
медицина және фармацевтика қызметкерлерін қоспағанда, ЛА-ның белгіленген мөлшеріне:
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,23 мөлшерінде;
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,45 мөлшерінде;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,71 мөлшерінде;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,0 мөлшерінде түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалады.
Бұл норма азаматтық қызметшілерге ғана емес, мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың қалған қызметкерлеріне, оның ішінде азаматтық қызметшілер санатына жатпайтын біліктілігі жоқ еңбек жұмысшыларына да қолданылады.
Осы қорытынды ҚР Үкіметінің қаулысының 1 абзацы 1 тармағы 2) тармақшасына сәйкес, ұйымдар жұмыскерлерінің ЛА (тарифтік мөлшерлемелері) атқаратын лауазымдарының функционалдық блоктарға жатқызылуына және мамандығы бойынша жұмыс өтіліне, тағайындалған біліктілік разрядтарына (жұмысшылар үшін) қарай олардың ЛА (тарифтік мөлшерлемесін) есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициенттерді белгіленген БЛА мөлшеріне көбейту жолымен айқындалады деген мазмұнынан туындап отыр.
Осылайша, жұмысшылардың (азаматтық қызметшілердің, біліктілігі жоқ жұмысшылардың) жалақысы БЛА-ны жұмысшылардың лауазымдық айлықақыларын (тарифтік мөлшерлемелерін) есептеу үшін тиісті коэффициентке көбейту арқылы есептеледі. Алынған нәтижеге ағымдағы күнтізбелік жылға айқындалған түзету коэффициенті қолданылады.
«Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 4- Қосымшасына берілген Ескертпенің 2-тармағына сәйкес күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы каникул кезінде жасалған жұмыстар үшін педагогтардың еңбекақысы нақты жүктемені есептей отырып, каникул басталғанға дейін болған тарифтеу кезінде (қосымша ақыларын есепке алғанда) тағайындалған жалақы есебінен төленеді.
Осыған қоса, «Мемлекеттік ұйымдар Педагогтарінің жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығының 15-тармағына сәйкес, оқу тоқсандары арасындағы және оқу жылы басталғанға дейінгі каникул кезінде, демалыс күндерін қоспағанда, білім беру ұйымдарының педагогтеріне жалақы нақты жүктемені ескере отырып, каникул басталар алдындағы тарифтеу кезінде белгіленген айлық жалақы есебінен есептеледі.
Сонымен қатар, Салалық деңгейде білім және ғылым саласы қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімнің 5.9 тармағында тараптар оқушылардың күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы каникулдары кезінде жұмыс уақыты үшін педагогтардың еңбектеріне ақы төлеу каникул басталғанға дейін болған тарифтеу кезінде белгіленген жалақы есебінен жүзеге асырылады деп ұйғарған.
Көрсетілген негіздерге сәйкес, оқу тоқсандары аралығындағы және оқу жылы басталғанға дейінгі каникул кезінде айлықақы нақты жүктемені есептей отырып, каникул басталғанға дейін болған тарифтеу кезінде (қосымша ақыларын есепке алғанда) тағайындалған жалақы есебінен төленуі тиіс.
Каникул мерзімінің ұзақтығы жалақынының есептелуіне ешқандай әсер етпейді.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарында қызметкерлердің штатын белгілеудің тәртібі мен шарттары «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 Қаулысымен реттеледі (әрі қарай – Үлгі штаттары). https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P080000077_
Барлық білім беру ұйымдарына ортақ жекелеген лауазымдар бойынша штаттық бірліктің белгілену тәртібі жоғарыда көрсетілген Үлгі штаттарының 8-бөліміне сәйкес жүргізіледі:
Қызмет үй-жайларын тазалаушы лауазымы (8-бөлім 5-тармақ) жиналу алаңына 250 м2 - 0,5 штат бірлігі белгіленеді. Яғни, 1 шаттық бірлікке – 500 м2 жиналу алаңы бекітіледі.
Оқушылар сабағы 2, 3 ауысымда өткізілетін, сондай-ақ ұзартылған күн бойынша оқытылатын топтары бар білім беру ұйымдарында қосымша тазалаушы лауазымының штат бірлігі белгіленеді: 2 және 3 ауысымда жұмыс істейтін мектептерде әрбір 250 м2 жиналатын алаңына 0,5 бірлік лауазым, ұзартылған күнмен жұмыс істейтін мектептерде ұзартылған күн топтары пайдаланатын алаңының әрбір 250 м2 жиналатын алаңына 0,5 бірлік лауазым белгіленеді.
Аула сыпырушы лауазымының (8-бөлім 7-тармақ) штат бірліктері сыпырылатын учаске алаңына қарай белгіленеді. Шағын жинақталған білім беру ұйымдарында аула сыпырушы лауазымының штат бірлігі сыпыру учаскесінің алаңына қарамастан ұйымға бір штат бірлігі есебінен белгіленеді.
Киім ілуші лауазымының (8-бөлім 3-тармақ) штат бірлігі, жұмыс маусымына жабдықталған киім ілгіш болған жағдайда белгіленеді. Оқушыларға сабақ беру 2, 3 ауысымдарда өткізілетін білім беру ұйымдарында және ұзартылған күн топтары болған жағдайда әр жабдықталған киім ілгішке 0,5 штат бірлігі киім ілуші лауазымының штат бірлігі қосымша белгіленеді.
Білім беру ұйымдарында әрбір 500 жарықтандыру және электрлік нүктелерге электромонтер лауазымының (8-бөлім 10-тармақ) штат бірлігі белгіленеді.
Слесарь-сантехник және ағаш ұстасы лауазымы (8-бөлім 11-тармақ) штат бірлігі білім беру ұйымдарының бөлек тұрған әрбір ғимараттарына енгізіледі.
Қарауыл лауазымы білім беру ұйымдарында 3 штаттық бірліктен белгіленеді.
Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдарда, қазыналық кәсіпорындарда жұмысшы штаттық бірлігіндегі қызметкерлердің айлықақы көлемін есептеу «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысы (бұдан әрі - Еңбекақы төлеу жүйесі) бойынша жүргізіледі.
Еңбекақы төлеу жүйесінің 3-Қосымшасында жұмысшылардың лауазымдық айлықақыларын есептеуге арналған коэффициенттер берілген
Орындалатын жұмыстарды белгілі бір күрделілікке жатқызу және жұмысшыларға біліктілік разрядтарын беру жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің Бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларына сәйкес жүргізіледі.
Мысалы, 1- штаттық бірліктегі қызмет үй-жайларын тазалаушының айлықақы көлемінің есептелуі:
Еңбекақы төлеу жүйесінің 3-тармақ 2)-тармақшасына сәйкес жұмысшылар үшін тағайындалған біліктілік разрядтарына қарай олардың лауазымдық айлықақыларын (ЛА) есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициенттерді базалық лауазымдық айлықақы (БЛА) мөлшеріне, яғни 17697 теңгеге көбейту жолымен айқындалады.
Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің Бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы бойынша - қызмет үй-жайларын тазалаушының біліктілік разряды -2.
2-біліктілік разрядтағы жұмысшылардың лауазымдық айлықақыларын есептеуге арналған коэффициент – 2,81.
Сонымен, ЛА = 17 697 * 2,81 = 49 728 теңге;
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1053 бұйрығымен бекітілген «Ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесін, жұмыс істеу жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына, жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысына және еңбекке ақы төлеудің жоғарылатылған мөлшеріне құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімінен қызмет үй-жайларын тазалаушы лауазымы орын алады.
Сондықтан, Еңбекақы төлеу жүйесінің 18-Қосымшасы 9- тармағы 1) және 2) – тармақшаларына сәйкес Ауыр қол еңбегі жұмыстарымен және еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстармен айналысатын қызметкерлерге қосымша ақы қарастырылған:
дезинфекциялық құралдарды пайдаланатын өндірістік және қызметтік үй-жайларды тазалағаны үшін БЛА-дан 20 %, яғни яғни 17967 * 20% = 3 539 теңге;
дезинфекциялық құралдарды пайдалана отырып, дәретханаларды жинаған жағдайда БЛА-дан 30 % , яғни 17967 * 30% = 5 309 теңге;
Еңбекақы төлеу жүйесінің 18-қосымшасы 15-тармағында мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне - ерекше еңбек жағдайлары үшін ЛА-дан 10% үстемеақы жүргізілетіні белгіленген.
Яғни, 49 728 * 10 % = 4 972 теңге;
Барлығы, жалақы бірінші жағдайда: 49 728 +3 539 + 4972 = 57639 теңге;
Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1053 бұйрығының 46-бөлімі 228 тармағына сәйкес Сырттағы көпшiлiк әжетханалар мен санитарлық тораптарды жинаумен айналысатын қызметтiк үй-жайларды жинаушыларға күнтізбелік 6 (алты) күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысы көзделген.

АӘД оқытушы-ұйымдастырушыларының жалақысын есептеу ерекше сипатқа ие.
Осы мәселені реттеу мақсатында Салалық деңгейде білім және ғылым саласы қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімге 5.16 тармағы, яғни бастауыш АӘД оқытушы-ұйымдастырушылардың айлық жалақысы, лауазымдық айлықақы және апталық жүктеме бойынша нақты оқу сағатына жалпы негізде есептелген ақыдан құралады деген норма енгізілген.
«Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының (бұдан әрі -Қаулы) 3 тармағы 2) тармақшасына сәйкес ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық айлықасы (бұдан әрі –ЛА) атқаратын лауазымдарының функционалдық блоктарға жатқызылуына және мамандығы бойынша жұмыс өтіліне, тағайындалған біліктілік разрядтарына (жұмысшылар үшін) қарай айқындалады.
Сондай-ақ «Мемлекеттік ұйымдар Педагогтарының жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығының 9 тармағына сәйкес педагогтердің лауазымдық айлықақысын апталық нақты жүктемесіне көбейту және шыққан нәтижені «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңында белгіленген нормативтік апталық оқу жүктемесіне бөлу жолымен есептеледі деген нормалардан туындайды.
Жұмыс беруші тарапынан аңсыз әрекеттерді болдырмау мақсатында Салалық кәсіподақпен ҚР Білім және ғылым министрлігінен түсіндірме хат алынған. Бұл жерде де Салалық келісімде айқындалған нормалар көрсетілген.
АӘД оқытушы-ұйымдастырушысына Қаулының 4 қосымшасы 8 тармағына сәйкес нақты оқу жүктемесі ескеріле отырып, лауазымдық айлықақысына белгіленген педагогикалық шеберліктің біліктілік санаты үшін 30% - дан 50% - ға дейінгі мөлшерде қосымша ақы беріледі.
Айта кету керек, бұл қосымша ақы АӘД оқытушы-ұйымдастырушыларының лауазымдық жалақысынан және нақты апталық жүктеме бойынша оқу сағаттарының төлемінен құралады.
Жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы аталған Қаулының 4 қосымшасы 2 тармағы 11) тармақшасына сәйкес нақты жүктемені ескере отырып, лауазымдық жалақыға 30% мөлшерінде белгіленеді.
«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі -Заң) 8 бабы 3- тармағының 1) тармақшасына сәйкес 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап орта білім беру ұйымдары үшін мемлекеттік білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтардың айлық жалақысын есептеу үшін бір аптаға нормативтік оқу жүктемесі 16 сағатты құрайды.
«Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының (бұдан әрі -Қаулы) 3-тармағы 2)- тармақшасында ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық айлықақысы (ЛА) атқаратын лауазымдарының функционалдық блоктарға жатқызылуына және мамандығы бойынша жұмыс өтіліне, тағайындалған біліктілік разрядтарына (жұмысшылар үшін) қарай олардың ЛА есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициенттерді осы Қаулымен белгіленген базалық лауазымдық айлықақы (БЛА) мөлшеріне көбейту жолымен айқындалады, деп көрсетілген.
Педагогтардың жекелеген санаттары үшін ЛА бір аптаға белгіленген оқу жүктемесіне қарай айқындалады.
«Мемлекеттік ұйымдар Педагогтарының жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығының 9- тармағына сәйкес педагогтердің лауазымдық айлықақысын апталық нақты жүктемесіне көбейту және шыққан нәтижені Заңда белгіленген нормативтік апталық оқу жүктемесіне бөлу жолымен есептеледі.
Осылайша, 2021 жылғы қыркүйектен бастап орта білім беру педагогтарының нормативтік оқу жүктемесінің аптасына 18 сағаттан 16 сағатқа төмендеуі жалақы мөлшеріне әсер етпейді.
(Мысалы, қызметкер жыл сайынғы еңбек демалысында ауырып, уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ресімдеген. Қызметкер жұмыс берушіге еңбекке жарамсыздық парағын және демалыс күндерін ұзарту туралы өтініш берді. Ауыстырылған еңбек демалысы күндеріне ақы төленуі керек пе?)
ҚР Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 133 бабы 4-тармағы 5) тармақшасына сәйкес, еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша жәрдемақы жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысымен сәйкес келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін ақы төленбейді.
Сонымен қатар, Кодекстің 94 бабы 1 және 2 тармақтарына сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы жұмыскер демалыс кезінде еңбекке уақытша қабілетсіз болғанда толық немесе оның бір бөлігі ауыстырылады. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы (оның бір бөлігі) жұмыскердің өтініші бойынша жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысында болу кезеңіне ауыстырылады.
Ауыстырылған еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша келесі жұмыс жылының еңбек демалысына қосылуы немесе жұмыскердің өтініші бойынша ағымдағы жұмыс жылында бөлек берілуі мүмкін.
МАҢЫЗДЫ! Бұл жағдайда қызметкер еңбек демалысын ауыстыру туралы өтінішті еңбек демалысы кезінде жазуы керек.
Осылайша, еңбек демалысы тоқтатыла тұрады және жұмыс күндері қайта құрылады.
Осыған байланысты
Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы Кодекстің 133 бабы 2-тармағына сәйкес төленеді;
Ауыстырылған демалыс күндеріне ақы тараптардың келісімі бойынша Кодекстің 92 бабы 4-тармағына сәйкес төленеді;
Еңбек демалысына төленген орташа жалақы ауыстырылған демалыс күндері үшін (күндер саны) қызметкердің жалақысынан Кодекстің 115 бабы 1-тармағы 4) тармақшасына сәйкес ұсталынады.
Еңбек шарты негізінде қоса атқару жағдайында еңбек қызметін жүзеге асыратын тұлғаларға жұмыс берушілер еңбек демалысының ақысын және азаматтық қызметшілердің еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақысын төлеуге міндетті.
Жәрдемақы жалпы негіздемеде тағайындалып, төленеді. Қоса атқару жұмысы кезінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы ҚР Еңбек кодексінің 92-бабының 5-тармағына сәйкес беріледі: «Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы негізгі жұмысы бойынша демалыспен бір мезгілде беріледі.
Егер қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы негізгі жұмыс бойынша демалыстың ұзақтығынан аз болса, жұмыс беруші қоса атқарушы жұмыскердің өтініші бойынша оған демалыстар ұзақтығының айырмасын құрайтын күндерге жалақы сақталмайтын демалыс береді».
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығарда сауықтыруға арналған жәрдемақы лауазымдық айлықақы көлемінде белгіленеді.
Кәсіподақ бұл мәселе бойынша нақты түсіндірмелерді бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялаған.
ҚР Еңбек кодексінің 139 б. 10 т. сәйкес, азаматтық қызметшілерге лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақысы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі.
«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының 12 бабы 1-тармағы 3) тармақшасына сәйкес Педагогтарға ұзақтығы күнтізбелік 56 күн жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы белгіленген.
Осы тұста, лауазымдық айлықақы (ЛА) «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 Қаулысының 3 т. 2) тармақшасына сәйкес, ұйымдар қызметкерлерінің ЛА атқаратын лауазымдарының функционалдық блоктарға жатқызылуына және мамандығы бойынша жұмыс өтіліне, тағайындалған біліктілік разрядтарына қарай (жұмысшылар үшін) ЛА есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициенттерді базалық лауазымдық айлықақы мөлшеріне көбейту жолымен айқындалады.
Педагогтардың жекелеген санаттары үшін ЛА бір аптаға белгіленген оқу жүктемесіне қарай айқындалады.
Осылайша, жалақының негізгі бөлігі есептеледі, оған еңбекақы жүйесінде қарастырылған үстеме мен қосымша ақылар кірмейді және де, ол қызметкердің шын мәнінде, лауазымдық айлықақысы болып табылады.
Білім беру ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарларына қатысты, егер оқу жүктемесінің 0,5 көлемінен аспайтын мөлшері қоса атқару жағдайында еңбек шарты негізінде орындалса, оларға лауазымдық айлықақы көлеміндегі сауықтыру жәрдемақысы төленеді.
Айта кету керек, жалпы қағида бойынша, ҚР Еңбек кодексінің 1 б. 56) тармақшасына сәйкес, қоса атқарылатын жұмыс - қызметкердің негізгі жұмысынан бос уақытында еңбек шарты жағдайында тұрақты, ақысы төленетін басқа жұмысты орындауы.
Қызметкерге еңбек демалысының ақысы бір күндік орташа жалақыны демалыс күнінің санына көбейту арқылы есептеледі.
Бір күндік орташа жалақыны - 12 айда алған жалақыны нақты жұмысқа шыққан күндерге бөлу арқылы есептеп шығаруға болады.
Мысал қарастырайық: мұғалімнің білімі және біліктілік санаты жоғары, педагогикалық еңбең өтілі толық 19 жыл, педагог-зерттеуші, жаңартылған білім беру мазмұнында 18 сағат апталық оқу жүктемесі, сонымен қатар сынып (7) жетекшілігі бар. Ауылдық жерде жұмыс істейді.
2021 жылдың 1-маусымынан бастап ұзақтығы күнтізбелік 56 күнді құрайтын ақылы еңбек демалысы беріледі.
Еңбек демалысының ақысының көлемін 3 кезеңмен анықтаймыз:
1. Айлықақыны есептеу (Фаворит калькуляторы арқылы http://zp.fvr.kz). Айлықақының есептелген үлгісі Файл №1 pdf форматында;
3. Еңбек демалысы ақысының көлемі: Excel форматтағы кестеге қараңыз! Файл №2 (3-т)
Маңызды! Осы есептелген еңбек демалысы ақысының сомасынан жеке табыс салығы және басқа да міндетті төлемдер ұсталады.
Егер, қызметкердің жұмыс істеген уақыты бір жылдан аз уақыт болса, онда, орташа күндік ақыны есептеу үшін нақты жұмыс істеген уақыты алынады. Қалғаны жоғарыда көрсетілгендей жолмен есептеледі: нақты жұмыс істеген уақыттағы орташа бір күндік айлықақыны еңбек демалыс күнінің ұзақтығындағы жұмыс күндер санына көбейтеміз, сонда еңбек демалысы ақысының көлемі шығады. Одан салықтар мен міндетті аударымдарды алып тастаймыз – қалғаны қолыңызға тиетін қаражат.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 139-бабы 9-тармағына сәйкес азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандарға, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша бюджет қаражаты есебiнен қызметтiң осы түрлерiмен қалалық жағдайда айналысатын азаматтық қызметшiлердiң айлықақыларымен және мөлшерлемелерімен салыстырғанда кемiнде жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар мен тарифтiк мөлшерлемелер белгiленедi.
Сонымен қатар, «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы заңының 12-бабы 5-тармағының 1)-тармақшасы негізінде – ауылдық елді мекенде кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогқа жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қала жағдайында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтардың ставкаларымен салыстырғанда айлықақылар мен тарифтік ставкалар кемінде 25% арттырылып белгіленеді;
Сондай-ақ, «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы заңының 18-бабы 4 және 7-тармақтарында азаматтық қызметші болып табылатын және ауылдық елдi мекендерде, сондай-ақ жергілікті, республикалық бюджеттерден қаржыландырылатын және ауылдық елді мекендерде орналасқан мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейтін білім беру саласындағы мамандарға кемiнде 25% жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар мен тарифтiк мөлшерлемелер белгiленетіні көзделген.
Жоғарыда көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің нормаларында ауылдық елді мекендегі білім беру ұйымдарында қызмет атқаратын педагогтарға 25% жоғарылатылған лауазымдық айлықақыны беру үшін негіздеме ретінде олардың тұрғылықты жерін көрсету керек деп жазылмаған.
Сондықтан ауылдық елді мекендегі білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтарға 25%-ға жоғарылатылған лауазымдық айлықақысын тағайындау үшін олардан тұрғылықты жерін тіркеу туралы анықтаманы ұсыну туралы талап заңсыз болып табылады.